Қобда көпсалалы колледжінде жұмысшы мамандықтары мен ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды

Қобда көпсалалы колледжінде жұмысшы мамандықтары мен ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды

 

Іс-шара облыс әкімінің ауданға жасаған жұмыс сапарымен тұспа-тұс келді. Асхат Шахаров оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып, ауданда кәсіптік білім беруді дамыту мүмкіндіктерін бағалады.

Колледж директоры Болат Алтаев көрменің «Жұмысшы мамандықтар жылы»аясында ұйымдастырылғанын айтса, оқытушылар құрамы мен білім алушылар өз жетістіктерін көрсетіп, білім ордасында оқытылатын мамандықтар жайлы ақпарат берді.

Шара аясында шеберлік сағаттары өткізілді. Аспаздарға арналған кулинарлық шеберлік демонстрациясы мен виртуалды дәнекерлеу қондырғысының қызметі көрсетілді. Жиһаз өндірісі мен тігін ісі кәсіптері бойынша білім алып жүрген жастардың жұмыстары назарға ұсынылды.

Көрмеде жергілікті шаруалар қолданатын ауылшаруашылық техникаларының соңғы үлгілерін де көруге болады. Іс-шара колледж білім алушылары мен оқытушыларының ғана емес, білікті кадрларға сұранысы бар жергілікті кәсіпорындардың өкілдерінің де қызығушылығын туғызды.

Бұл ауылдық жерлерде кәсіптік білім беруді дамыту және оның жастар үшін қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқыға салған маңызды алаңға айналды.

«Мен Қобдадағы жергілікті мейрамханада аспаз болып жұмыс істеймін. Қазір бізде осы колледждің екі білім алушысы тәжірибеден өтуде. Екеуі де болашақ аспаз. Менің бақылауыммен түрлі күрделі тағамдарды әзірлеуді үйреніп жүр. Шеберлік сағаттарын өткіземіз. Бірге мәзір құрамыз. Мен олармен осы кәсіпке қатысты барлық қажетті ақпараттарды бөлісемін, түсіндіремін. Аспаз мамандығы бүгінде сұранысқа ие, ал егер жоғары біліктіліктеріңіз болса, онда жұмыс табу тіпті қиын емес», - деді колледждің әлеуметтік серіктесі Абат Қалабаев.

Облыс әкімі бүгінгі көрменің оқу орындары мен ауыл шаруашылығы серіктестіктері арасында әріптестік байланыс орнату арқылы келешекте колледж түлектеріне жұмыс табуға және әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс нығайтуға ықпалы мол шара екенін айтты.

Айта кеткен жөн, колледж күрделі жөндеуден өтіп жатыр. «ТенгриСтройИнвест» ЖШС мердігер ұйымы ғимараттың шатырын ауыстырып, спортзалды жөндеуден өткізіп, нысанның екінші және үшінші қабаттарында ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуде.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында біз әртүрлі салада табысты еңбек ету үшін оған қажет дағдылар мен білімді дамытуға ерекше назар аударамыз. Жастардың сапалы білім алуы, сұранысқа ие мамандықтарды игеруі және өз өңірінен жұмыс табуы аса маңызды. Бұл көрме түлектеріміздің одан әрі кәсіби өсуіне жағдай жасау үшін оқу орындары мен жергілікті кәсіпорындарды қалай біріктіруге болатынының айырықша көрінісі.  Біз жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, жастар арасында танымал, тартымды болуы үшін осындай бастамаларды қолдауды әлі де жалғастырамыз», - деді облыс әкімі.