Облыс әкімі Шалқар ауданына жұмыс сапары барысында Шалқар қаласынан төрт шақырым жерде орналасқан бөгеттің жағдайымен танысты. Биыл мұнда гидротехникалық құрылғылардың су жіберу қақпасы – шандорлар ауыстырылды.
Асхат Шахаров бөгеттің көктемгі су тасқынына дайындығын қарап, су басу қаупін болдырмау үшін қабылданып жатқан шараларды бағамдады.
Бөгет 1959 жылы салынған, су сақтау көлемі – 27 млн текше метр. Гидротехникалық құрылғы «Ұлы Борсық» КМК теңгерімінде, ол Шалқар ауданында су және жылу жүйесін қамтамасыз етеді. Бөгеттің жағдайы – қанағаттанарлық.
2024 жылы бөгетке техникалық қызмет көрсету үшін 2 млн теңгеге келісімшарт жасалып, шлюз қақпалары жөнделді. Арналарды бекіту, су жинайтын, булану және сүзу алаңдарын тазалау жұмыстары жүргізілді. Акт жасалғаннан кейін 17 шандор ауыстырылды.
Бөгеттің жай-күйін көрген облыс әкімі көктемгі су тасқынына дайындықтың маңызына тоқталып, бөгет маңында су деңгейі мен гидротехникалық нысанның жағдайын тәулік бойы бақылайтын екі гидробекет салуды тапсырды. Сондай-ақ, бөгеттің ағаш жабындысын бетонға ауыстыру жобасын әзірлеуді жүктеді.
«Басты міндетіміз – аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су тасқынының алдын алу. Шалқар бөгеті су ағынын реттеуде маңызды рөл атқарады, сондықтан біз оны тасқын маусымына дайындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Шандорларды ауыстыру және бөгетті нығайту секілді жөндеу жұмыстары уақытында аяқталды. Енді жағдайды қадағалап, кез келген өзгеріске жедел әрекет ету қажет», – деді облыс басшысы.