Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Ақтөбеде «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты республикалық конференция өтті.
Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, облыс әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық этномедиация кеңесінің мүшелері, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген делегаттар, өңірлік Ассамблея өкілдері, құқыққорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов конференция қатысушыларын Ассамблеяның 30 жылдығымен құттықтап, осындай ауқымды шараны ұйымдастырғаны үшін Ақтөбе облысының Ассамблея мүшелеріне алғыс білдірді.
Сонымен қатар, ол Ассамблеяның 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарымен бөлісті. 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні республикалық форум өтеді. Оның аясында «Бейбітшілік және келісім» сарайында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылады, елдің барлық өңірлеріндегі Достық үйлерінде аймақтық форумдар өткізіледі. Бұдан бөлек, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылып, Ассамблея ардагерлерін марапаттау, фестивальдер, көрмелер мен концерттер өткізу жоспарлануда.
Облыс әкімі конференция қатысушыларын құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы маңызын атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – біздің ортақ өміріміз бен дамуымыздың негізі болған үйлесім мен бірліктің белгісі. Ассамблея – тұрақтылығымыздың, достыққа негізделген этносаралық қарым-қатынастар мен азаматтық келісімнің алтын діңгегі. Ол қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты нығайтуға белсенді ықпал етіп қана қоймай, сондай-ақ елдегі барлық этнос арасындағы өзара түсіністік пен құрметтің тереңдеуіне ықпал етіп келеді. Ақтөбе облысында 950 мыңнан астам адам тұрады, олардың 85%-ын қазақтар, ал 15%-ын түрлі этнос өкілдері құрайды. Өңірде 90-нан астам этнос өкілі өмір сүреді, оның әрқайсысы өзін осы ұлы да біртұтас елдің ажырамас бөлігі ретінде сезінеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық бірлікті нығайтудағы және қоғамдық келісімді сақтаудағы рөлі баға жетпес. Бұл – түрлі этнос пен мәдениет өкілдері арасындағы өзара түсіністік, сыйластық пен достықты нығайтуға белсенді түрде ықпал ететін қуатты институт», – деді өңір басшысы.
Конференция барысында қатысушылар этномедиация саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, оны одан әрі дамыту, жүйелеу және этносаралық келісімді нығайту жолдарын талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша этномедиация саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жөнінде өзекті ұсынымдар әзірленді. Бұл ұсыныстар қазіргі тәжірибелерді жақсартуға ғана емес, сонымен қатар еліміздегі этносаралық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.