Өңір басшысының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде авиация саласын цифрлық трансформациялау және халықаралық әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері қаралды.
«Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Дастан Малиев жолаушылар ағынын арттыру, инновациялық шешімдерді енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, жыл сайын Ақтөбе әуежайының жолаушылар ағыны орта есеппен 10%-ке артып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қызмет көрсетілген жолаушылар саны іс жүзінде 1 млн-ға жетіп, 985 мың адамды құрады, ал өңделген жүк көлемі 11 мың тоннадан асты.
Әуежай Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Түркістан, Шымкент, Стамбул, Анталья, Шарм-Эш-Шейх, Доха, Пхукетке тұрақты және маусымдық рейстерді қоса алғанда, 11 бағыт бойынша жолаушылардың саяхаттауына мүмкіндік бере отырып, негізгі қалалар және елдермен байланысты дамытуды жалғастыруда.
Атап айтқанда, 2024 жылы Air Cairo және FlyArystan әуе компанияларының жаңа жиіліктерді қосуы арқасында Шарм-Эш-Шейхке рейстер саны артты. Келер жылы Антальяға аптасына 12 рейске дейін көбейту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 2 мамырынан бастап SCAT әуекомпаниясы Ақтөбеден Шымкентке аптасына 4 рет жиілікпен рейстер ашады, ал FlyArystan әуе компаниясы осы бағыттағы рейстерді 1 маусымнан бастап қайта бастайды. Барлығы Шымкентке аптасына 6 рейс қолжетімді болмақ.
«Ақтөбе әуежайы жүк ағынының өсуін қамтамасыз ету және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын белсенді түрде іске асыруда. Басым жобалардың қатарында отын кешенін жаңғырту, заманауи қойма инфрақұрылымын салу және объектінің аумағын қамтитын арнайы экономикалық аймақ құру бар. Бұл қадамдар әуежайдың маңызды жүк хабы ретіндегі позициясын нығайтуға және болашақ кеңейту үшін жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Дастан Малиев.
Қазіргі уақытта әуежайда ішкі рейстер жолаушыларына арналған цифрлық құжаттар сервисі жұмыс істейді, жолаушыларға жылдам әрі ыңғайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін CUTE жүйесі орнатылды, сондай-ақ былтыр төлқұжат пен жеке куәліктерді оқу құрылғылары сатып алынды, соның арқасында жолаушыларды тіркеу процесі жеделдетілді.
Жүктермен жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында әуежай мұнай өнімдерінің қоймасын жаңғыртуға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету мен бақылау аспаптарын енгізді. Жүк тасымалын рәсімдеу және сүйемелдеу үшін қазір E-Freight ақпараттық жүйесі пайдаланылады, ол жүк авиациялық тасымалдау процесін автоматтандырды және жүктерді өңдеуді жеделдетті.
Отырғызу талондарын және «E-Gate» бағдарламалық-аппараттық кешенін енгізу әуежайдың 2025-2026 жылдарға арналған жоспарында бар. Бұл ұшатын және ұшып келетін жолаушыларды автоматты шекаралық бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Ақтөбе халықаралық әуежайын өңірдің негізгі көлік торабы ретінде одан әрі дамытудың маңыздылығын алға тартты. Асхат Шахаров ел Президентінің тапсырмасымен Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайды халықаралық әуе торабына айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы тапсырмаға байланысты әуежай аумағында логистикалық орталық құру және отын-жанармай құю станциясын ашу бойынша екі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы жабындысының сапасы мен пайдалану қауіпсіздігін жақсарту үшін ПАГ 18 тақтасы сатып алынды. Сондай-ақ, арнайы техника сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
«Халықаралық аренада әуежайды дамыту үшін бізге инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастырып, цифрландыру саласында жаңа технологиялар мен шешімдерді енгізу қажет. Әуежайдағы барлық процестер мүмкіндігінше автоматтандырылған және жолаушыларға ыңғайлы болуы маңызды. Біз жүк ағынының өсуіне, әсіресе жүк хабы жобасын іске асыру аясында заманауи жағдайлар жасау бойынша белсенді жұмыс істеуіміз керек. Ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ, әуежайды облыстың логистикалық инфрақұрылымының маңызды элементі ғана емес, сонымен қатар туристік тартымдылық орталығы ету үшін маршруттық желіні кеңейту, ішкі және халықаралық жаңа рейстерді ашу қажет», - деп атап өтті әкім.