Қарғалы ауданының Қос-Естек ауылында «Қуаныш» шаруа қожалығы әулиекөл сиырының тұқымын өсірумен айналысады.
Қарғалы ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қос-Естек ауылында болды. Ол әулиекөл ірі қара малының тұқымын өсірумен табысты айналысып жатқан «Қуаныш» фермерлік шаруашылығына барды.
2023 жылы шаруашылық 100 бас аналық ірі қара мал мен 4 өндіруші бұқаны сатып алып, екінші жылы жоғары нәтижеге қол жеткізген, бүгін малдың 85% төлдеген. Қазір фермерлер мал басын 500 аналыққа жеткізіп, Қазақстан аумағында малды сату мақсатында тұқымның көбеюін дамытуды жоспарлауда. «Қуаныш» ФҚ зоотехнигі Арман Илюповтің айтуынша, әулиекөл тұқымы өңірдің климатына жақсы бейімделген және күтімі қиындықтар туғызбайды.
Шаруашылық сонымен қатар өсімдік шаруашылығымен айналысады, өзін-өзі жеммен қамтамасыз етеді. 2024 жылы 1118 гектар жерге бидай, арпа және сұлы еккен.
Облыс әкімі шаруашылық жұмысының тыныс-тіршілігімен танысып, қожалық басшылығымен одан әрі дамыту жоспарларын талқылап, фермерлерді мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай бастамалар өңірдегі экономикалық жағдайды жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға көмектесетінін алға тартты.
Содан кейін аймақ басшысы Қос-Естек ауылында орналасқан «Моя семья» наубайханасына барды.
Оны тоғыз бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Наталья Роде ашқан. Балалармен бірге олар 700-ге дейін нан және басқа да нан өнімдерін пісіріп, ауылдарға жеткізеді.
«2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында төрт миллион теңге көлемінде грантқа ие болдым. Осы ақшаға жабдықтар мен пештер сатып алдым. Бастапқыда нанды үйде пісірдім, қыздарым көмектесті, ал ұлдар нан тасымалдаумен айналысты. Нан-тоқаш өнімдері сұранысқа ие бола бастады және біз кәсіпті кеңейтіп, наубайхана салуды жөнінде шешім қабылдадық. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қамыр илейтін құрал-жабдық, қалып және тоңазытқыш сатып алу үшін 1,3 миллион теңге көлемінде несие алдық. Біз бұл несиені тезірек жауып, ол отбасылық бизнесіміздің дамуына оң әсер етті», - деді Наталья өз ісі туралы.
Енді кәсіпкер мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы нан тасымалдау үшін көлік сатып алуды жоспарлап отыр.
«Ауылдағы отбасылық бизнес - бұл тұрақтылық пен өсудің кепілі. Мұнымен тоқтамай, әрі қарай дамыңыздар. Балаларыңыз сізге көмектесіп жатыр - бұл дәстүр мен сабақтастықты сақтаудың маңызды қадамы. Нанға деген қажеттілік әрқашан болады. Табысқа жетудің барлық негіздері жолға қойылған», - деп әкім кәсіпкерге табыс тіледі.
Бұдан әрі облыс әкімі Велиховка ауылында болып, Юрий Барановтың басшылығымен 1999 жылдан бері дамып келе жатқан жергілікті фермерлік шаруашылықтың қызметімен танысты.
«Велиховка» ШҚ өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Егістік алқаптарының ауданы – 4 405 га, шабындық – 536 га, тағы 1 968 га жайылымға бөлінген. Мал басының саны 400-ге жуық. Былтырғы жылы 4 297 га дәнді дақылдар егілді, 228 га жемшөпке бөлінді.
Шаруашылық заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған. Бүгінгі таңда фермада 30 адам жұмыс істейді, олар кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
«Ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, бүкіл аймақтың өркендеуіне ықпал ететін жұмыс орындарын құратын фермерлерге қолдау көрсету маңызды. Біз бизнесті кеңейтуге, жабдықты жаңартуға және еңбек жағдайларын жақсартуға көмектесетін бастамаларға қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз орнықты дамуға қол жеткізе аламыз, ауылдық жерлердегі өмірді жақсарта аламыз және келер ұрпақ үшін табысты болашақты қамтамасыз ете аламыз», - деп атап өтті облыс әкімі.