Қарғалы ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр

Қарғалы ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр

 

Қарғалы ауданы Петропавл ауылының маңында су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді.

Өңір басшысы Қарғалы ауданына жасаған сапарында жұмыстардың орындалу барысымен танысты.

Петропавл ауылы Жақсы Қарғалы өзенінің жағасында орналасқан. Сондай-ақ, елді мекеннен бір шақырым жерде №2 бөгет бар. Су тасқыны кезінде су басуды болдырмау үшін ауылдан 2500 метр қашықтықта жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді.

Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Рзагулов Петропавлда 2,5 мыңнан астам адам тұратынын, 60-тан астам үй бар екенін айтты. Былтырғы көктемде өзендегі су деңгейі көтерілген, бірақ ауылға су кірген жоқ.

Жазда суды бұру жұмыстары жүргізіліп, биіктігі 1,5 метр және ені 3 метрлік топырақтан тығыз үйінді салынған. Жұмыстар аяқталды.

Сонымен қатар, өзен арнасы тазартылды. Бөгетті сумен толтыру үшін өзеннен бес шақырымдық канал салу жоспарлануда.

Асхат Шахаров су тасқынына қарсы техника, қаптар мен құм дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ, әкім жергілікті тұрғындармен кездесті. Олар осы жазда Жездібай ауылында атқарылған жұмыстар мен салынған жаңа жол үшін алғыс білдірді.

«Бүкіл облыс бойынша біз елді мекендердің кіреберіс жолын саламыз. Болашақта Петропавл маңынан өтетін республикалық трассаны жөндейміз. Ауылдың әлеуеті зор. Ең алдымен, облыс орталығына жақын орналасқаны тиімді. Ауыл кеңейіп, жаңа үйлер салынуда. Мұнда қажетті инфрақұрылым бар. Қазір су тасқынына дайындық аясында бүкіл облыс бойынша жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіп, бөгеттерді ретке келтіріп, өзен арналарын тазарттық. Барлық іс-шаралар су тасқыны қаупін азайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі», - деп қорытындылады әкім.