Бүгін Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде музей қызметіне және экпозицияларға енгізілген заманауи цифрлық технологияларды таныстыру рәсімі өтті. Бұл ауқымды шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орайластырылған.
Жаңа экспозицияның диорамаларында 3D-mapping, AR-технология, VR-көзілдірікті мультимедиялық технология, сандық сторителлинг, жасанды интеллект, голограмма пайдаланылған. «3D анимация» голографиясындағы Әлия бейнесіне виртуалды промоутер бес тілде сөйлейді, 3D форматтағы рельефті карта, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск енгізілген.
Музейде батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын көрсететін ақпараттар мен экспонаттар, музей жабдықтары, тума-туыстары мен оқыған жерлері, мергендік мектебі мен майдандағы өмірін көрсететін, Әлия есімімен аталатын мекемелер мен мектептер, музейлер, жыр арнаған ақын-жазушылар мен зерттеушілер, қойылған ескерткіштер,түсірілген фильмдер жайлы деректер қойылған.
Облыс әкімі Асхат Шахаров реэкспозияланған музей залдарын аралап шықты.
Музей жұмысымен және ондағы жәдігерлермен таныстырған мұражай директоры Жанар Мақсұтова қазір мұнда 11 мыңнан астам экспонат барын, алдағы уақытта қорды толықтыру және оның қызметін одан әрі жетілдіру басты міндет екенін жеткізді. Оның айтуынша, музей ғимараты 1987 жылы салынған. Бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан мұражайға былтыр жөндеу жүргізілген, сондай-ақ музей залдары реэкспозициядан өткен.
Өңір басшысы музейге келген оқушылармен де тілдесті. Жастарға патриоттық тәрбие беру, ел үшін жанын қиған батырлардың есімін дәріптеу өте маңызды екенін жеткізді.
«Бүгін, міне, Әлия апамыздың музейін аралап, батырдың ерлік істері мен өнегелі өмірі туралы көп мағлұмат алдық. Сіздерге, жастарға, айтарым — өшпес ерліктің символы болған осындай батырларымызды ұлықтап, олардың ерлігі мен өмірінен үлгі алып, Отанын шексіз сүйетінпатриот болыңыздар. Әскери борыштарыңызды өтеуден қашпаңыздар, ел үшін еңбек етіңіздер», — деген Асхат Шахаров мұражайға келген №51 мектеп-гимназияның «Мерген ару» сайысына қатысушыларына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бұл орталыққа жыл сайын 40 мыңнан астам адам келіп, онда өтетін тарихи-танымдық іс-шараларға, ерлік сабақтарына дәрістерге қатысады.
Биыл мұнда батыр қыздың туғанына 100 жыл толуына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылмақ.