Хромтау ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес баламалы энергетиканы дамытуға бағытталған маңызды жоба іске асырылуда.
Ауданға жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жел электр станциясының (ЖЭС) құрылыс барысымен танысып, өңір үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың артықшылықтарын бағалады.
Жобаның құны 74,2 млрд теңге, белгіленген қуаты – 150 МВт. Құрылыстың толық аяқталуы биыға жоспарланған. Қазіргі уақытта қуаты 12,5 МВт құрайтын екі жел генераторы пайдалануға берілді, олар – Қазақстандағы ең қуатты жел қондырғыларының қатарында. Өндірілген алғашқы электр энергиясы Дөң тау-кен байыту комбинатының 35 кВ электр желісіне берілді.
ЖЭС толық қуатқа шыққаннан кейін көмірқышқыл газы (CO₂) шығарындыларының жылына 500 мың тоннадан астам төмендеуі күтілуде. Сонымен қатар, Хромтау ауданында жалпы құны 115 млрд теңгені құрайтын жел электр станцияларын салу бойынша тағы екі жоба іске асырылуда.
Облыс әкімі бұл жобаны жүзеге асыру өңірдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болатынын және энергияның неғұрлым экологиялық көздеріне көшуге ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жел энергиясын пайдалану көміртегі қышқылын азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады, сондай-ақ Қазақстанның «жасыл» энергетикасын дамытуға үлес қоса отырып, өңір экономикасын нығайтады.
Айта кету керек, 2024 жылы ауданға тартылған инвестициялар көлемі 243 млрд теңгені құрады, бұл облыстағы инвестициялардың жалпы көлемінің 27%-ы.