«Қызылжар» және «Ясный» дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді

«Қызылжар» және «Ясный» дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді

 

Екі спорт кешенінде де жаттығулар басталып кетті. Балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған, бірнеше спорт секциясы жұмыс істейді.

 Еске салайық, өткен аптада облыс әкімі Асхат Шахаров қаланы аралау кезінде нысандардың балаларды қабылдауға дайындығын тексеріп шықты. Ол спорттық инфрақұрылымды дамыту – жастарды салауатты өмір салтына баулудың маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өткен еді.

 «Қызылжар» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы - 1601,4 м². Мұнда волейбол, баскетбол, үстел теннисіне арналған ойын залдары, сондай-ақ күрес залы мен 100 орындық трибуна қарастырылған.

Ал «Ясный» дене шынықтыру-сауықтыру кешені 1223 шаршы метр аумақты қамтиды және волейбол, баскетбол, мини-футбол сияқты спорт түрлерімен шұғылдануға болады.

Президенттің бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға басымдық беру туралы тапсырмасына сәйкес, өңірде спорттық нысандарды салу жұмыстары жалғасуда. Ақпан айында Заречный-3, Кеңес Нокин ауылы және Ақжар елді мекендерінде тағы үш дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы тиіс.

 Құрылыс, қала құрылысы және архитектура басқармасының ақпаратына сүйенсек, биыл облыс орталығындағы бұрынғы «Динамо», Алтын Орда ықшам ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені тапсырылады. Сондай-ақ, Темір ауданының Темір қаласында спорт кешені және Шұбарқұдық ауылында бассейн ашылады. Кеңқияқтағы спорт кешенін реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Шалқар ауданының Бозой және Шілікті ауылының, Хромтау қаласы мен Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының спортшы балалары да осы жылы жаңа залда жаттығады деп жоспарланып отыр.

 

t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi