Шалқар ауданының Байқадам ауылының тұрғыны, «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Нұрболат Нұрғалиев мал бағып, «Асылтұқымды мал өсіруші» атанып кеткен.
Шаруа қожалығы 1998 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде оның меншігінде 5 ауыл шаруашылығы техникасы, 3 жүк көлігі бар. 300 басқа жуық мал бағып отыр.
Қожалық ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаулардың барлығын тиімді түрде пайдаланып келеді.
Былтыр бұл ауыл шаруашылығы құрылымы Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламасымен 28,0 млн теңге несие қаражатына 70 бас және өз қаражатына 22 бас асылтұқымды қазақтың ақбас сиырын, сондай-ақ, шаруа бірінші санатты бұқалар сатып алыпты.
Мал азығын дайындау, техника паркін жаңарту жұмыстарына да шаруа қожалығы баса назар аударады. Мәселен, 2024 жылы мемлекеттік бағдарламаны сәтті пайдаланып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген лизингпен жаңа тракторға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамақ емес.
Нұрболат Нұрғалиевтің айтуынша, мал басын асылдандыру бағытында жүргізген селекциялық жұмыстар, асылтұқымды мал мен жаңа тракторды сатып алғаны үшін мемлекеттен берілетін субсидияға қолдары жетіпті.
Айтып өтейік, Ақтөбе өңірінде асылтұқымды мал басын көбейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтырғы жылы облыста 186 шаруашылық асылтұқымды ірі қара,
73 шаруашылық асылтұқымды қой өсірумен айналысады. Асылтұқымды жылқы мен түйе бағатын шаруа қожалықтары да бар.