Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Оған қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, гидрометеорологиялық қызмет пен коммуналдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде ауа-райының болжамына сәйкес көктемде болуы мүмкін су тасқынына дайындық және өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың жағдайы талқыланды.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қахарман Оразалин әкімге облыста өзендердің жағалаулары мен арналарын нығайту, бөгеттер салу және жөндеу, сондай-ақ арықтар мен каналдарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Жоспарланған 135 инженерлік іс-шараның 115-і орындалды, тағы 12-сі жүріп жатыр.
Сондай-ақ, Қахарман Оразалин Елек, Ырғыз, Сағыз, Темір, Ойыл, Кенжалы, Үлкен Қобда, Ор өзендері және Шалқар көлінде мұз кептелістерінің алдын алу бойынша жарылыс жұмыстарына арналған 15 учаске анықталғанын хабарлады. Су тасқынына ден қою үшін облыстың азаматтық қорғау қызметінің құралдарынан 2 454 адамнан, 866 бірлік техникадан, 102 жүзу құралынан және 441 мотопомпадан тұратын топ құрылған.
«Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Айгүл Саймованың айтуынша, күзде жауын-шашынның аздығынан топырақ құрғақ күйінде қалған. Оның қату тереңдігі былтырғы жылмен салыстырғанда 8 см-ге артық.
Үш айда қар аз жиналды, бірақ синоптиктер ақпан және наурыз айлары қар түрінде жауын-шашынды болатынын жоққа шығармайды. Ақпан айында күрт жылыну күтіліп отырған жоқ, ал күндіз облыстың негізгі бөлігінде максималды температура 0-5°C аяз, солтүстікте – 8-10°C дейін аяз болады.
«Қазсушар» облыстық филиалының директоры Ринат Шауенов облыс орталығындағы үш су қоймасының жай-күйі және олардың алдағы су тасқынына дайындығы туралы айтып берді.
Мекеме директоры баяндағандай, «Қазсушар» теңгерімінде 27 нысан бар, оның ішінде: Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймалары, Ойыл ауданында Тамдыкөл бас шлюзі-реттегіші, 6 аудандағы көлтабанды суару жүйелері, бөгеттер мен Ырғыз ауданындағы топтық су құбырлары бар.
«Ақтөбе су қоймасын қауіпсіз пайдалану мақсатында 2024 жылы Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Ақтөбе қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары мен облыс бойынша егіс алқаптарына су берудің авариялық жағдайлары мен үзілістерін болдырмау мақсатында Елек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасына жасалған қайта жаңарту жұмыстары (реконструкция) аяқталды. Қойманың жобалық көлемі 245 млн. м3 құрайды», - деп атап өтті Ринат Шауенов.
Сонымен қоса, былтырғы су тасқынында Сазды су қоймасына су ағынының үлкен көлемі келіп, су төгілетін шөмішті қашыртқының (ковшовый водосброс) бұзылды. Бүгінде ақау жойылды, бұл нысан да күрделі жөндеуден өтті. Су қоймасындағы судың нақты көлемі 2,5 млн. м3, жобалық көлемі 7,5 млн. м3.
Ал Қарғалы су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, биыл қоймада қайта жаңарту жұмыстары (реконструкциялау) жасалады. Бөлінген 140 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасалынып жатыр. Бұл қойманың жобалық көлемі 280 млн. м3 құрайды.
Үш су қоймасында да көктемгі су тасқынына дайындық үшін инертті материалдар мен жанар-жағармай әзірленген, дизельді резервтік электрогенераторлар қондырылды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров мекеме басшысына бірқатар тапсырма берді.
«Көктемгі су тасқыны кезеңінде су қоймаларының деңгейін үнемі бақылап, Төтенше жағдайлар департаментімен және «Қазгидромет» мекемесімен бірлесе отырып, суды қауіпсіз ағызу жұмыстарын ұйымдастыру қажет», - деді аймақ басшысы.
Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсету жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Мамырғали Аққағазов 174 гидротехникалық құрылыстың жай-күйі туралы хабарлады.
Қазір 19 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 15 ақпанға дейін Ойыл мен Ырғыз ауылдарындағы бөгеттердің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, бірнеше аудандағы бөгеттердің жағалауын тазарту жұмыстары жүргізілді. Су деңгейін және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін үнемі бақылау жүзеге асырылады, мұз кептелістерін жоюға дайындық жүргізіледі.
Баяндамашыларды тыңдағаннан кейін, облыс әкімі азаматтық қорғау қызметтеріне су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар туындаған жағдайда дайындықты қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктермен жұмысты үйлестіруді тапсырды.
«Биыл ерте су тасқыны болуы мүмкін. Сондықтан біз кез келген күтпеген жағдайларға дайын болуымыз керек. Барлық күш-жігер қажетті ресурстар мен жабдықтарды барынша жедел дайындауға бағытталуы тиіс. Бірінші наурызға дейінгі мерзімде арықтарды, су бұру арналарын, өзен арналарын, су өткізу құрылыстары мен көпірлерді қардан, қоқыстан және қамыстан тазарту жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін техника мен жабдықтарды дайындауды ұйымдастыру қажет. Су басу қаупі бар учаскелер үшін жеткілікті мөлшерде инертті материалдар мен қапшықтарды дайындаңыздар. Эвакуацияланатын халық пен ауыл шаруашылығы жануарларын орналастыру үшін орындар ұйымдастыру, сондай-ақ жанармайдың, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің, әсіресе көлік қатынасы үзілуі мүмкін елді мекендерде қажетті қорларды қалыптастыру қажет. Барлық қолда бар малды аудандардың жалпы базасына енгізу керек. Сондай-ақ, елді мекендердің аумағынан, соның ішінде әлеуметтік нысандардың айналасынан қар шығару жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл іс-шаралар су тасқыны кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Барлығы үйлесімді және жедел жұмыс істеуі керек», - деп тапсырды әкім.
Әкімнің тапсырмасы бойынша жақын арада командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтеді, оған барлық азаматтық қорғау қызметтері, оның ішінде құтқарушылар, әскери қызметшілер, полицейлер және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады. Оқу-жаттығу барысында су тасқыны қаупіне дайындық және барлық сценарийлер пысықталады.