Жүзуден олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, ал бассейн техникалық қорытындыдан өтті. Бекітілген кестеге сәйкес, балалардың жаттығу сабақтары басталды.
Мұнда 500-ге жуық бала жүзу спортымен айналысады. Оларды 13 білікті жаттықтырушы кәсіби деңгейде дайындайды. Жаттықтырушылардың барлығы - дене шынықтыру мамандары, 11-і - жоғары білімді, 2-еуі - жоғары дәрежелі санатта.
Ақтөбедегі «Достық» спорт кешеніне де күрделі жөндеу жүргізілуде. Мердігер 1 ақпанда тапсыруға ниетті.
Айтып өтейік, өткен аптада өңір басшысы Асхат Шахаров екі нысанда да болып, ғимараттарды тез арада пайдалануға беруді, балалардың спортпен шұғылдануына еш кедергі келтірмеуді, жоспар түзіп, жаттығуларды осы аптада бастауды жауаптыларға міндеттеген еді.
«Достық» спорт кешеніне күрделі жөндеуді «Альтаир-СК 7» ЖШС жүргізді. Жұмыс құны – 388,12 млн теңге. Ал «Шағала» бассейнін жөндеуге 287,05 млн теңге жұмсалды.