
Ақтөбеде автобус паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жақында желіге жаңа заманауи автобустар шығады. «Qala Trans» ЖШС Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы ұзындығы 18 метрлік 15 жаңа Golden Dragon автобусын сатып алды, олар жақын арада №46 маршрутта жүруін бастайды.
Тәуелсіздік күні мерекесі аясында облыс әкімі Асхат Шахаров қала автопаркін толықтырған жаңа қоғамдық көлікті қарап шықты, тұрғындар үшін жолаушылар тасымалының сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Жаңа автобустар 160 адамға арналған, 35 орындық, мүгедектігі бар адамдарға арналған пандустармен, ауаны баптау және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.
«Жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту үшін біз бұған дейін электронды билеттеуді енгізіп, жолақысын төлеу жүйесін ашық етіп жасадық. Бұл жергілікті атқарушы органдарға Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несиелеу бойынша жаңа автобустар сатып алуға мүмкіндік берді, ал мемлекет тасымалдаушыларды қолдау үшін субсидиялар бөледі. Алдымызда қоғамдық көлікті тартымды ету мақсаты тұр. Бізде халықтың 80%-ға жуығы автобустарды пайдаланады және олар үшін жол жүру жағдайларын жақсартуымыз керек. Қалада заманауи аялдамаларды жабдықтап, тротуарлар салу қажет. Қазірдің өзінде көп нәрсе жасалды, әлі де біраз жұмыс атқарылуы тиіс. Бұған облыстық бюджеттен қаражат бөлеміз. Біз әрқашан қала тұрғындарының пікіріне құлақ асамыз, оларға қоғамдық көліктердің барынша ыңғайлы және барлығына қолжетімді болуы үшін белсенді жұмыс істейміз», - деп атап өтті әкім.
Асхат Шахаров жол қозғалысының барлық қатысушыларын қала жолдарында ереже сақтауға және жолаушыларды жаңа автобустарға ұқыпты қарауға шақырды.
«Жаңа автобустар, олардың өлшемдеріне қарамастан, біздің көшелер үшін қолайлы. Бірнеше күн бойы көліктер сынақтан өткізіледі, содан кейін желіге шығады. Көлік жүргізушілеріне айтарым, жолдарда абай болыңыздар, ережелерді сақтап, жол қозғалысының барлық қатысушыларын құрметтеуге шақырамын», - деді әкім.
Айта кету керек, қазіргі №46 маршрутта жұмыс істейтін автобустар №6 және №48 маршруттарға ауыстырылады.
Жыл соңына дейін «Автопарк» ЖШС-де тағы 25 Yutong автобусы жеткізіледі деп күтілуде, бұл №42, №14 және №26 маршруттарда қызмет көрсетуді жақсартуға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың қазан айында компания қазір №22 және №24 бағыттарға қызмет көрсететін 25 Yutong автобусын сатып алды.
Сонымен қатар, «РТТ Групп» ЖШС №29 және №44 маршрут автопаркін жаңартты, ол 4 Isuzu автобусы мен 10 Yutong автобусымен толықты.
Ақтөбеде автобус паркін жаңартуды жалғастыру міндеті тұрған бес компания жолаушылар тасымалымен айналысады. Жаңа қоғамдық көліктер жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қалада көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі мұндай шаралар қалалық инфрақұрылымды жақсартуға ықпал ететінін және Ақтөбе тұрғындарына қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз ететінін алға тартты.