
Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясында алдағы үш жылға арналған өңірдің бюджеті бекітілді.Сессияға облыс әкімі Асхат Шахаров, қала әкімі, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.
Отырыста алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов баяндама жасап, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы кеңінен айтып берді.
«Алдағы үш жылға арналған облыстық бюджет жобасы 1,5 триллион теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде 2025 жылға – 439,3 миллиард теңге, 2026 жылға – 515,3 миллиард теңге, 2027 жылға 538,7 миллиард теңге бөлінеді. Келер жылғы облыстық бюджеттің кіріс бөлігіне тоқталсақ, меншікті кірістерден – 47,8 миллиард теңге, республикалық бюджеттен берілетін субвенциялардан — 318,0 миллиард теңге, Ақтөбе қаласы және аудан бюджеттерінен түсетін трансферттерден – 59,1 миллиард теңге, сондай-ақ бюджеттік кредиттерді өтеуден 14,4 миллиард теңге түседі деп жоспарлануда. Ал бюджеттің шығыс бөлігіне келсек, жобаның 68 пайызы немесе 297 миллиард теңгесі әлеуметтік салаға бағытталады. Сондай-ақэкономиканың нақты секторына, яғни құрылыс, энергетика, жолдар мен ауыл шаруашылығы, сондай-ақ бизнесті дамытуға 91 миллиард теңге немесе шығыстардың 21 пайызы жоспарлануда», — деді Н.Мақсатов.
Облыстық бюджеттің негізі бағыттарына тоқталсақ, облыстық құрылыс басқармасына — 18 млрд.теңге,автомобиль жолдары басқармасына — 34 млрд.теңге, энергетика басқармасына — 11,4 млрд.теңге, білім басқармасына — 231,8 млрд.теңге,
денсаулық сақтау басқармасына — 13,4 млрд.теңге, жұмыспен қамту басқармасына — 19,6 млрд.теңге, спорт басқармасына — 21,7 млрд.теңге, мәдениет басқармасына — 7,9 млрд.теңге, ауыл шаруашылығы басқармасына — 12,3 млрд.теңге, ветеринария басқармасына — 3,9 млрд.теңге, табиғи ресурстар басқармасына — 2,6 млрд.теңге,кәсіпкерлік басқармасына — 2,6 млрд.теңге, полиция департаментіне — 17,1 млрд.теңге, төтенше жағдайлар департаментіне — 2 млрд.теңге, цифрлық технологиялар басқармасына — 5,5 млрд.теңге, ішкі саясат басқармасына — 1,6 млрд.теңге, жастар мәселелері басқармасына 633 млн.теңге қаржы бөлу жоспарлануда.
Жиын барысында облыстық мәслихат депутаттары жауапты басқарма басшыларына өз сауалдарын қойып, бірқатар мәселені көтерді.
Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев Ақтөбе облысы бойынша экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарын бекіту туралы хабарлама жасады.
Жалпы сессия отырысында 19 мәселе қаралып, аталған мәселелер бойынша депутаттар
баяндамашыларға өз сауалдарын қойды.
Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров жыл бойы нәтижелі жұмыс істеген депутаттар қауымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауда бірлесе еңбек етуге шақырды.
«Биыл өңірімізде су тасқыны болғанына қарамастан, біраз мәселе шешілді. Алдағы уақытта алдымызда көп міндет тұр. Біз үшін басты міндет — қазынаның қаржысын тиімді жұмсап қана қоймай, оны игеруде жауапкершілікпен нәтижелі жұмыс істеу. Бұл бағытта басқарма басшылары жан-жақты жұмыс атқаруы керек.
Өздеріңізге белгілі, осыған дейін комиссия отырыстарында біраз мәселе қамтылды. Бүгінде өңірімізде тұрғындарды газбен, ауызсумен, жалпы инфрақұрылыммен қамту мәселесі өте өзекті. Бұл тұрғыда біз бақылауды күшейтіп, қаржыны тиімді игеруге ерекше назар аударуымыз керек. Кешегі жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Хромтау ауданындағы білім ошақтарын қарап шықты. Президент шағын жинақты мектептер мәселесіне ерекше көңіл бөлу керектігін, ауыл балаларына сапалы білім беруде барлық жағдай жасалуы тиіс екенін тапсырды. Бұдан бөлек, енді жұмысшы мамандықтар санының артуына да ден қоюымыз керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, ветеринария салаларын дамытуға жағдай жасауға тиіспіз. Бұл бағытта биыл басталған жұмыстар келер жылы жалғасатын болады. Біз үшін бастысы — өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, Президент тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындау», — деді өңір басшысы.