Ақтөбеде халықаралық әуежай аумағында арнайы экономикалық аймақ салуды бастады

Ақтөбеде халықаралық әуежай аумағында арнайы экономикалық аймақ салуды бастады

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды.

Ақтөбе облысының индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібеков Ресейдің Орынбор облысымен және Қазақстанның алты облысымен шектесетін аймақтың географиялық жағынан қолайлы орналасуына тоқталды. 

Ведомство басшысы атап өткендей, бұл шекаралық сауданы кеңейтуге және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызуда.

2024 жылдың тоғыз айында Ақтөбе облысын қоса алғанда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 23 пайызға өсіп, 1,2 миллиард долларға жетті. Аймақтың халықаралық сауда мен логистиканың маңызды буынына айналуына ықпал ететін трансшекаралық хабтарды белсенді дамыту жоспарлануда. Ә.Молдағұлова атындағы әуежайда АЭА құру инвесторларға, бизнеске және халықаралық ұйымдарға жаңа мүмкіндіктер беретін осы стратегиядағы маңызды қадам болмақ.

«Арнайы экономикалық аймақ құру жобасы облыстың көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған және Ақтөбе облысының транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Көлік-логистика саласында тоғыз негізгі саланы және өнеркәсіптегі 29 саланы құру жоспарлануда, бұл өңірдің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді», — деді Досжан Әлібеков.

АЭА аумағы — 858 гектар. Түркияның S Sistem Lojistik компаниясы «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп, әуежай аумағында логистикалық хабтың құрылысын бастап кетті. Бұл жоба 130 жаңа жұмыс орнын ашып, транзиттік тасымалдауды дамытудағы маңызды қадам болмақ. Әуежай аумағында 10,0 га жер телімі анықталды.

Жобаның бірегейлігі жүктерді тасымалдау және әуежай арқылы ұшу көлемінің ұлғаюында, бұл тауарлардың экспорты мен импортын дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Логистикалық хаб қызметтерінің негізгі тұтынушылары Ақтөбе облысының сауда-өнеркәсіптік компаниялары, сондай-ақ жақын және алыс шет елдердің серіктестері болады.

Айта кетерлігі, қазірдің өзінде облыста жеткізу тізбегін тиімді басқаруды және жүктерді тасымалдауды қамтамасыз ететін «Көтерме және бөлшек сауда кәсіпорны» ЖШС және «Астық Логистикс» ЖШС сияқты негізгі көлік-логистикалық орталықтар жұмыс істейді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров АЭА құру инвестиция тартуға, тауар айналымын арттыруға және өңірдің логистикалық қолжетімділігін жақсартуға ұйытқы болатынын баса айтты. Жобаны жүзеге асыру Ақтөбе қаласын халықаралық сауда мен транзит үшін стратегиялық маңызды хабқа айналдырып, жаңа деңгейге көтереді.