
«Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында «Сарқыт» мейрамханасында Ақтөбе қаласы мен аудан өкілдерінің қатысуымен «Береке» ұлттық тағамдар гастрономиялық көрмесі өтті.
Шараны өткізудегі мақсат – ұлттық тағамдарымызды дәріптеу, еліміздің гастрономиялық дәстүрлерімен танысу, мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі рецепттер мен аспаздық дағдыларды жас ұрпаққа үйрету және олардың қызығушылығын арттыру, сондай-ақ аудандар арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайту.
Көрмеде дәстүрлі тағамдарды көрсету үшін әрбір ауданға арнайы алаң бөлінген.
Шалқар ауданының атынан әзірленген дастарханда «Шалқарлық комбо» атауымен ішіне табиғи ет өнімдері, яғни жылқының қазысы мен үш түрлі шұжық және ысталған құйрық, сондай-ақ жергілікті жердің тары-талқаны мен құрты салынған арнайы қорапқа көпшіліктің назары ауды. Арнайы ваккумды пакетке салынған дайын өнімді Шалқар қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айбек Сағынаев нарыққа шығарып отыр. Шалқар бренді ретінде сыйға беруге дайын өнімнен дәм ауыз тигендердің қарасы көп болды.
Гастрономиялық көрмеге «Сарқыт» мейрамханасы аспаздары да өз үлесін қосқан. Көпшілікті төр дастарханына ыстық күйінде әкелінген бүрме қарынның жасалу технологиясы қызықтырды. Саз балшыққа оралған қарын толы етті мейрамхана азпаздары сексеуілдің отына пісірген.
Бұл күні ойылдықтар келі-келсапта тары түйіп, диірмен тартып, жергілікті бренд өнімнің қалай дайындалатынын көпшілікке тағы бір мәрте түсіндіріп берсе, Темір ауданының өкілдері ұлттық тағам толы дастархандағы ерекше ас-өрме төстіктің қалай жасалғанын үлкен экраннан ұсынды. Бұл көрмеге мұғалжарлықтар да жоғары дайындықпен келіпті. Қарын толы сары майдың сақталуы, ет тарту, қуырдақ, әсіп сияқты ұмытыла бастаған ұлттық тағамдардың жасалу технологиясы қонақтарға жан-жақты түсіндірілді.
Көрме соңында «Үздік дәстүрлі сусын», «Үздік аймақтық рецепт», «Үздік аудан» сияқты барлық аудан әртүрлі аталымдарға ие болды.