
Бұл туралы мемлекеттік құрылыс-сәулет бақылау саласының дамуы талқыланған облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Жиында Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрун 2024 жылдың 11 айында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру туралы есеп берді.
Жалпы 55 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 44 нұсқама берілген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 197 хаттама жасалды. Жалпы сомасы 43 млн теңгеден астам айыппұл салынып, оның 91%-ы өндірілген. Әкімшілік жауапкершілікке 49 құрылыс компаниясы, 7 жобалау ұйымы, 28 мердігер ұйым, 5 аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымы, 2 сараптама ұйымытартылған.
Жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 1723 хабарлама қабылданды. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау, өндірістік объектілер, сондай-ақ жолдар мен инженерлік желілер құрылысы бар.
Биылғы жылдың басында Ақтөбеде коммерциялық мақсаттағы 12 ұзаққа созылған құрылыс нысаны болды. Бүгінде бесеуі пайдалануға берілді. Бұл – кафе-дүкен, 320 орындық балабақша, көп пәтерлі тұрғын үйлер және монша кешені. Алтын Орда шағын ауданындағы және Ө.Сейітов көшесіндегі автоқызмет кешені мен үйлер іске қосу сатысында тұр.
«Басқарма инспекторлары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүк машиналарының дөңгелектерін жуу және тазалау пункттері жоқ құрылыс объектілерін анықтау, іргелес аумақты тегістеу және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша іс-шаралар жүргізуде. 1,49 млн теңге сомасына 41 құрылыс субъектісі жауапкершілікке тартылды. Басқарманың қадағалау жұмыстары жалғасуда және үнемі бақылауда»,- деді Оксана Сопрун.
Есепті тыңдағаннан кейін облыс әкімі құрылыс ұйымдарына бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Көшелердің ластануы негізінен құрылыс алаңдарынан шығады. Сондықтан құрылыс компанияларын бақылауды күшейту қажет. Күнделікті тексерулер жүргізу керек, әсіресе Алтын Орда және Оңтүстік айналма сияқты аудандарда. Тексерулерге жергілікті полиция, қалалық сәулет мамандары, қоғам белсенділері мен депутаттарды қосыңыздар. Егер күн сайын рейдтер жүргізілсе, құқық бұзушылар тәртіпті сақтай бастайды. Біз қала аумағында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ, компанияларды, әсіресе жобалары созылғанжәне инвесторларды іздейтіндерді тексерген жөн. Бұған жол беруге болмайды. Осы мәселелер бойынша барлық тексерулерді осы аптадан бастау керек»,- деп тапсырды әкім.t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi