Ақтөбе облысында тазы өсірумен айналысатындарды қолдайтын қоғамдастық құрылмақ

Ақтөбе облысында тазы өсірумен айналысатындарды қолдайтын қоғамдастық құрылмақ


Тазы – ресми түрде танылған бірегей ит тұқымы. Мемлекет басшысы тазыны Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде сақтап қалуды тапсырды.

Бұл бастама облыс көлемінде өтіп жатқан «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрлері бойынша «Салбурын» турнирінде жария етілді. Іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақ мәдениеті мен спорты шеберлерінің басын біріктірді.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан турнирге қатысушыларды құттықтай отырып, ұлттық әдет-ғұрыптарды сақтауға және насихаттауға ықпал ететін осындай фестивальдердің маңыздылығын атап өтті.

«Сыбаға» - бұл мереке ғана емес, жас ұрпаққа ата-бабалардың бай мұрасын еске түсіру мүмкіндігі», - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Жолдас Батырхан сондай-ақ Ақтөбе облысында ұлттық мұраны дамыту және қазақ тазыларын өсіріп-ұстаумен айналысатын жерлестерімізді қолдау үшін арнайы қоғамдастық құру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл бастаманы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Әкім орынбасары мұндай қоғамдастық құру дәстүрлерді насихаттап қана қоймай, Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігі саналатын қазақ тазыларының бірегей тұқымын сақтап жүргендерге қолдау болатынын алға тартты.

Іс-шараға Ақтөбе облысы және Қазақстанның басқа өңірлерінен ит өсірушілер, бүркітшілер мен садақшылар қатысты. Турнир аясында Құмай тазы аңшыларының «Салбурын» байқауы, Құмай тазы иттерінің жылдамдығы мен ептілігі сыналатын шырға тарту, құсбегілік жыртқыш құстармен аң аулау шеберлігі көрсетіліп, садақ ату турнирі өткізілді.

Жарыс алаңы ретінде Жаңақоныс-2 және Құрашасай тұрғын үй алабы таңдалды. Сайын дала төсінде қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, ал көрермендер керемет қойылымдардың куәсі болды.

Спорттық жарыстармен қатар «Құмай тазы» көрмесі өтіп, онда ит өсірушілер қазақ тазыларының үздік өкілдерін таныстырды. Сондай-ақ, ұлттық мәдениеттің қыр-сырын көрсететін ат әбзелдерінің тұсаукесері ұйымдастырылды.

Турнирді Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өңірлік құмай тазы федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар іс-шараның жоғары деңгейде өтуі және барлық қатысушылар мен қонақтар үшін есте қаларлықтай шаралар легін ұсынды.