Ералы Тоғжанов Бозой ауылының тұрғындарымен кездесті

Ералы Тоғжанов Бозой ауылының тұрғындарымен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Шалқар ауданына барып, Бозой ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу ауылдық округ әкімі Жасұлан Жұбаназаровтың баяндамасын тыңдаудан басталып, кездесудің басым бөлігі ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беруге арналды.

«Ауданға осыған дейінгі сапарымда Шалқар қаласы, Жылтыр, Аққайтым, Бегімбет және Біршоғыр ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар жобалармен таныстым. Шалқар ауданының барлық тұрғындарына облысымыздың дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Дегенмен, аудан тұрғындарын толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешу үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет. Мен бүгін ауыл тұрғындарының мәселесін білу үшін арнайы келіп отырмын. Оларды шешу үшін тиісті шаралар қабылданады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бозой тұрғындарын әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа балабақша, мектеп, спорт кешенін салу, жол жөндеу жұмыстарын жеделдету және т. б. жоспарлар қызықтырды. 

Елді мекенде жұмыс істеп тұрған мектеп ғимараты апатты жағдайда, сондай-ақ 50 жылдан асқан балабақша ғимаратын жөндеуді талап етеді. Сонымен қатар, тағы бір балабақша қажет, өйткені 120-ға жуық бала кезекте тұр.

Осы проблемаларды шешу мақсатында биыл Бозой ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Ескі мектепте интернат ғимараты бар, ол қанағаттанарлық жағдайда, қазір онда төменгі сыныптар оқиды. Ералы Тоғжанов жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін босатылған интернат ғимаратында орын тапшылығын жоятын жаңа балабақша ашуға болатынын атап өтті. Бұл мәселені уәкілетті мемлекеттік органдарға егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды.

Округ тұрғындарын мазалайтын негізгі мәселелердің қатарында жалпы ұзындығы 220 шақырым болатын «Шалқар – Бозой» жолының жай – күйі бар. 2018-2022 жылдар аралығында 95 шақырымға дейін орташа жөндеу жүргізілді. Ағымдағы жылы учаскені жөндеу 95-тен 115 шақырымға дейін басталды. Облыс әкімі жұмыс барысы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болатынын алға тартты. Негізгі міндет-жөндеуді сапалы және қысқа мерзімде орындау.

Аудан әкімдігінің алдына ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді қайтаруды жандандыру міндеті қойылды. Айта кетейік, ауылдық округте ауыл шаруашылығы жануарларының, оның ішінде жылқылардың санын көбейту – бүгінде мұнда жетіспейтін жайылымдарға үлкен жүктеме. Ауылшаруашылық жануарларының көп шоғырлануы округте жайылымдық айналымды сақтамауға әкеледі. Бұл мәселені шешудің ұтымды жолдарын табу Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына жүктелген.

Аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің «Ауыл аманаты» жобасына тұрғындардың қатысуы бойынша жұмыстың төмен деңгейі айтылды. Халық саны 3 мың адамнан тұратын округте жобаға қатысуға барлығы 9 өтінім берілген, оның бесеуі бүгінгі күнге мақұлданған. Тауарлық несиелеуді тек екі отбасы пайдаланған. Осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, сондай-ақ «Ауыл аманаты» - «Абаттандырылған ауыл» кіші жобаларының бірін іске асыру тапсырылды. Бүгінгі таңда Бозойға демеушілік қаражат тарта отырып, балалар ойын алаңын орнату, мәдениет үйінің аумағын абаттандыру және жасыл желектерді суару үшін ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда.

Сондай-ақ, күн тәртібінде елді мекенді сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және т. б. мәселелер тұр.

«Бүгін көтерілген барлық мәселелер бізге белгілі. Оларды шешу бойынша шаралар қабылданады. Ауылдық округ аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындар шетте қалмауға тиіс, олар елді мекендерді дамытуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру үшін жағдай жасауға белсенді қатысуы тиіс», — деп атап өтті кездесу соңында облыс әкімі.

Жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжанов мектептің апатты деп танылған ғимаратын аралап, «Интергаз» компаниясының қызметімен танысты.