Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласын проблемалық сумен жабдықтау нысандарын тексерді

Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласын проблемалық сумен жабдықтау нысандарын тексерді

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласын проблемалық жылумен және сумен жабдықтау нысандарын аралап шықты.

Есет батыр тұрғын үй алабында Ералы Тоғжанов қазандықтың жұмысымен танысты.

Жобада қазандықтың жұмысы үшін өте қажет жылу алмастырғыш жабдықты орнатудың болмауына байланысты нысан пайдалануға берілмеген.

Aqtobe Su-Energy group басшылығы осы себепті екі жылыту маусымынан кейін негізгі қазандық жарамсыз болып қалғанын, жылу алмастырғышты сатып алып, оны орнатуға көмек қажеттігін жеткізді. 

Өңір басшысы бұл халық үшін өте маңызды екенін, сондықтан жобаға қолдау көрсетілетінін алға тартты.

Келесі нысан - Қызылжар-1 және Қызылжар-2 тұрғын үй алаптарын сумен қамтамасыз ететін «Қызылжар» су қабылдағышы болды.

Объект пайдалануға берілген сәттен бастап 7 ұңғыманың 4-і жұмыс істемеген, енді қайта бұрғылау арқылы тереңінен сорғылайтын жабдық орнатылады.

Осы нысанда сумен жабдықтауды жақсарту үшін биылғы жылы ұңғымаларға телеинспекция жүргізу жоспарлануда.

Айта кетейік, бұған дейін «Нұр-Ақтөбе» су алабына бірқатар объективті себептермен жеке су жинағышы бар К.Нокин және Қызылжар тұрғын үй алаптары қосылған-ды. 

Жаз мезгілінің басталуы, тұрғындар санының өсуі, Қызылжар тұрғын үй алабында жасыл желектерді суару нөпірінің көбеюінен су шығыны едәуір артқан. 

Мәселені шешу мақсатында кәсіпорын өкілдері Қызылжар мен Қ.Нокин тұрғын үй алаптарындағы сумен жабдықтау жүйелерін «Нұр-Ақтөбе» су жинағышынан ажырату қажет деп санайды. Ол үшін суды тазартудың аралас жүйелерін орнату қажет, жұмыстың құны 179 млн теңгені құрайды.

Ералы Тоғжанов бұл ұсынысты қолдауға әзір екенін білдірді.

«Халық судан тарықпауы тиіс. Ұсыныстарға қолдау көрсетіледі. Біз үшін ең бастысы - барлық мәселені шешу және тұрғындарға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету. Жұмысты жеделдету қажет», - деді облыс әкімі.

Нысандарды аралау Ақжар-2 елдімекеніндегі су жинағышқа барумен аяқталды. 

Су жинағыш жерасты суларының қорын есептемей салынған. 2019 жылдың соңында гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілді, жерасты суларының қоры тәулігіне 1920 м3 мөлшерінде бекітілді және жоба бойынша 5000 адамға есептелген, ал қазіргі уақытта тұрғын үй алабында 10 000-нан астам адам тұрады.

2020 жылы жаз мезгілінде су тапшылығына байланысты Ақтөбе қаласының әкімдігі қосымша екі ұңғыманы бұрғылау туралы шешім қабылдаған. Бүгінде Ақжар-2 елдімекеніндегі барлық алты ұңғыма толық көлемде пайдаланылуда, алайда жаз мезгілінде тұрғындардың жасыл желектерді суаруынан судың үзіліспен немесе шектеліп беруі байқалады.

Биыл Ақжар, Ақжар-2, Ақжар плюс тұрғын үй алаптарын жерасты суымен қамтамасыз ету үшін гидрогеологиялық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласының әкімдігіне Кірпішті тұрғын үй алабында екі су жинағыш салуға ЖСҚ дайындау тапсырылды.