
Бүгін Ақтөбе қаласы және облыстың барлық аудандарының ветеринариялық станциялары мен пункттеріне жаңа автокөліктердің кілттері табысталды.
Салтанатты шарада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Ералы Тоғжанов ветеринариялық қызмет өкілдеріне отандық «JAC S5» маркалы 26 автокөліктің кілтін, сондай-ақ 160 бірлік компьютерлік техника табыс етті.
«Бұл жұмыс Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде. Біз ветеринариялық станциялар мен пункттердің материалдық-техникалық базасын қайта жарақтандыру және жаңарту бойынша шаралар қабылдауды жалғастырамыз, өйткені халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ең маңызды мәселе. Былтыр 29 қызметтік көлік сатып алынды, бүгін тағы 26 көлік беріп отырмыз. Алдағы уақытта да қолдау көрсетіледі», - деді облыс әкімі.
«Бұл – аса маңызды іс-шара. Сіздердің тұрақты эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз етудегі жұмыстарыңыз халықтың денсаулығына ғана емес, сауда саясатына да әсер етеді. Облыс әкімдігі бұл бағытты қолдап отырғаны қуантады», - деп атап өтті Сауда және интеграция министрі.
Айта кетейік, бұл саланың материалдық-техникалық базасы 2012 жылдан бері жаңартылмаған.