Ақтөбеде Марат Оспанов атындағы БҚМУ аллеясы ашылды

Ақтөбеде Марат Оспанов атындағы БҚМУ аллеясы ашылды

Аллеяның ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, медицина жұртшылығы, ЖОО оқытушылары, студенттер қатысты.

«Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті шетелде де танымал дәрігерлерді, халықтың игілігі қызмет етіп жүрген министрлерді, Денсаулық сақтау саласының көрнекті қайраткерлерін даярлады. Университет Ақтөбе облысының ғана емес, бүкіл елдің медицинасын дамытуға баға жетпес үлес қосты. Денсаулық - адам үшін ең маңыздысы, ал Ақтөбе қаласының орталығында жасыл аллеяның ашылуы жасыл және саламатты Қазақстанға жасалған дұрыс қадам», - деп атап өтті өңір басшысы.

Ералы Тоғжанов ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградаларын 16 медицина қызметкері мен университет профессорларына табыстады.

«Университет аллеясының» аумағында көпжылдық гүлді бұталар, ағаштар отырғызылды, жарықтандырылған университет логотипі түріндегі мүсіндік композиция орнатылды. 

Сондай-ақ, шарада теориялық және клиникалық кафедралардың педагогтері қатысқан «Университеттің үздік оқытушысы» байқауының қорытындысы жарияланды.  Жеңімпаздар медаль, төсбелгі, облыс әкімінің алғыс хаттары мен грамоталарына, ақшалай сертификаттарға ие болды.