Ералы Тоғжанов мал шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде жиын өткізді

Ералы Тоғжанов мал шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде жиын өткізді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды.

Оған мемлекеттік органдардың басшылары, мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Ірі қара мал басын ұлғайту, ет пен сүт өндірісін ұлғайтуға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Әбтиев баяндады.

Биылғы жылдың 5 айының қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 101,6%, жалпы өнім көлемі 106,3 млрд. теңгені құрады.

Ірі қара мал басының саны 6,2%-ға 701 мың басқа дейін, қой мен ешкі - 7,1%-ға 1,6 млн басқа дейін, жылқы 24,2%-ға 295,4 мың басқа дейін, түйе 9%-ға 21,3 мың басқа дейін өсті.

2023 жылы шаруашылықтарды мемлекеттік қолдау мақсатында 13,2 млрд.теңге, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 6 млрд. теңге бөлінді.

Жалпы, облыста ет және сүт өнімдерін өңдейтін 54 кәсіпорын бар. Қайта өңдеу саласын одан әрі дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында барлық аудандарда ет және сүт өңдейтін жаңа шағын цехтарды іске қосу жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде аталған жобмен  20 сүт өңдеу зауыты, 18 ет өңдеу шағын цехы және 16 наубайхана ашылды. Бұдан өзге, өңірді сүтпен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылға қарай қуаты 3000 басты құрайтын 5 сүт-тауарлы фермасын салу жоспарланып отыр. Бұл жергілікті өндірілген сүтпен қамтамасыз ету деңгейін 100 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі қыс мезгіліне жем дайындауға баса назар аударуды тапсырды. Облыстағы 12 ауданның қажеттілігіне басымдық берілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының деректері бойынша биыл 2,8 млн.тонна шөп және 80 мың тонна құрама жем дайындалады.

Жиынға қатысушылар мал басының санын, оның өнімділігін арттыру, бордақылау алаңдарын малмен толтыруды қамтамасыз ету, эпизоотиялық қауіпсіздік, жемшөп базасын нығайту жөніндегі шараларды, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында әзірленіп жатқан мал сатып алу тетіктерін талқылады. Айта кетейік, жоба басталғалы шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарына малды тауарлы несие ретінде берді. Қарыз төлмен өтеледі. Бүгінгі таңда 3,7 мың бас ірі қара мен ұсақ мал, жылқы берілді.

Облыс әкімі өңірдегі мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

«Проблемалық мәселелер бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Біз оларды түбегейлі шешу үшін шаралар қабылдауымыз керек. Жұмыс тобы мұны үнемі жасауы керек. Ауыл шаруашылығы – үлкен және маңызды бағыт. Барлық мәселелер жедел шешілуі керек. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұған барлық фермерлерді қатысуға шақырамын», - деді Ералы Тоғжанов.

«Степное» ЖШС басшысы Аманғос Төлеуов құрама жем өндірісін жолға қою қажеттілігі туралы мәселені көтерді.

«Біздің өңірге сапалы құрама жем қажет. Қазір біз көрші елдерден сатып аламыз, ақша шетелге кетуде. Керісінше, қаражатты елімізде қалдырып, экономикамызға жұмсай алар едік. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» - бұрын-соңды болмаған, өте жақсы жоба екенін айтқым келеді. Екінші деңгейдегі бірде-бір банк ауылдық жердегі жылжымайтын мүлікті кепілге алған жоқ, тіпті мықты шаруа қожалықтары да қарыз ала алмады, ал егер олар алған болса, мүліктің бағалау құнының 20-30% ғана алды. Ал қазір қаншама адам өз ісін ашуға қаражат алуда, өте тиімді шарттарда мал бағуға кіріскені қуантады. Ауыл тұрғындарының проблемаларына не дегенмен назар аударылды.  Біздің шаруа қожалығымыз бұған дейін тауарлы несиелеуге қатысқан болатын. Егер үлкен шаруашылық жүргізуден қорықпаймын деген адам болса, мен «Ауыл аманаты» жобасымен бірден 300 бас қой беремін деп шештім», - деді Амангос Төлеуов.

Әйтеке би ауданының «Жаннұр» ШҚ басшысы Сағындық Кішкенебаев Терісаққан ауылының жұмыссыз тұрғынына 500 бас қой беруге ниетті.

«Біз 5 жыл ішінде алған малдың қозыларын қайтарамыз деп келістік. Жыл сайын 250 қозы. Менің есептеуімше, 5 жыл ішінде орташа есеппен 3000 басқа дейін өсуі мүмкін. Егер адам ісіне жауапкершілікпен қарайтынына сенімді болсам, мен басқаларға да осындай қолдау көрсетуге дайынмын», - деп атап өтті Сағындық Кішкенебаев.

Облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасына қатысатын, тауарлы несиелеу бастамасын белсенді қолдаған барлық шаруа қожалықтарына алғысын білдірді. Ол қой шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар үшін жақын арада тағы бір табыс көзі ашылатынын еске салды. Осы аптада қой жүнін сатып алу басталады, одан біздің облыста экологиялық таза жылу және дыбыс оқшаулағыш құрылыс материалдары өндірілетін болады.