
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қарғалы ауданындағы ішкі туризмді дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты.
Атап айтқанда, облыс басшысы өңіріміздегі ең тартымды туристік орындардың бірі – Қасқыр сарқырамасының айналасында салынатын инфрақұрылымды тексерді. Сарқырама Ақтөбеден 120 шақырым қашықтықта орналасқан.
Аумақты абаттандыру жұмыстарымен «Байқұла» шаруа қожалығы айналысады. «БЖК-2025» бағдарламасы аясында 2021 жылдан бастап Қасқыр сарқырамасында инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар жұмыс жүргізілді. Оның ішінде, аспалы көпір, киіз үйлер, демалушыларға арналған орындар, екі глэмпинг, катамарандар мен қайықтар сатып алынды. Биыл екі ағаш үй мен моншаның құрылысы аяқталған. Кафенің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жыл сайын аталған туристік нысанға өңірдің жүз мыңнан астам тұрғыны келеді.
«Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Аумақта демалуға қолайлы жағдай жасалып, абаттандырылатын болса – демалушылар саны да ұлғаяры анық. Біздің өңірде ішкі туризмді дамытуға орасан зор экономикалық әлеует жетерлік», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
«Байқұла» ШҚ басшысы Мақсат Ысқақов ауданда эко-туризмнің тартымдылығын арттыру бойынша алдағы жоспарлары туралы баяндады. Мәселен, ауданның су айдындарында 2018 жылдан бастап шаруашылық, күтілетін өнімділігі 50 тонна болатын тұқы мен форель өсіруге кіріскен.