
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында шегірткеге қарсы күрес және АИТВ-инфекциясының алдын алу мәселелері қаралды.
Биыл облыс аумағындағы 669 мың гектар жердің үстіңгі қабатына және ауа арқылы шегірткелерге қарсы өңделеді деп жоспарланған. 6 млн гектардан астам аумаққа талдау іс-шаралары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевтің мәліметінше, қазіргі уақытта химиялық өңдеу Шалқар, Ырғыз, Ойыл және Темір аудандарында жүргізілуде. Осы аптада жұмыстар Әйтеке би және Хромтау аудандарында басталады.

«Аудан әкімдері шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеудің мерзімінде және сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі тиіс. Өңдеу барысымен қатар, аумақтарды талдау сапасын да тұрақты бақылауда ұстаңыздар. Қауіп бар аудандар аумақтарын химиялық өңдеуге басымдық беру керек», - деп тапсырды облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Сонымен бірге, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев өңірде АИТВ-инфекциясының алдын алу мен емдеудің кешенді шаралары туралы баяндады.
Бүгінде АИТВ-инфекциясы өзекті мәселе болып қала бермек. Соңғы 10 жылда Ақтөбе облысында ауру-сырқаудың саны өскен. Рүстем Исаевтың айтуынша, осы жылдың қаңтар-сәуір айларында АИТВ-инфекциясының 24 жаңа жағдайы тіркелген. Ауруды ер адамдар екі есе жиі жұқтырады, жұқтырғандардың 92%-ы - 15 пен 49 жас аралығындағылар. АИТВ-инфекциясын тасымалдаушылардың 71%-ы – жыныстық жолмен, 25%-ы – есірткі қолданған кезде инъекция арқылы жұқтырады.

Жиын соңында облыс әкімі АИТВ-инфекциясының алдын алуды, тұрғындар арасында, әсіресе нысаналы топтарға үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді талап етті. Өзінің оң АИТВ-мәртебесі туралы біле тұра, басқа адамдарға жұқтыруға жол беретін адамдарды жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартты.