
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Аудан әкімі Азамат Бекет бүгінгі таңда 79 жоба мақұлданғанын, оның басым бөлігі құс шаруашылығын дамытуға бағытталғанын алға тартты.
«Ауыл аманаты» жобасының әлеуетті қатысушыларының бірі - Тасөткел ауылының тұрғыны Қорғанбек Қайырбаев. Ол төрт ай бұрын Ақтөбеден туған ауылына оралып, мұнда жұмыртқа мен құс етін өндіретін ауыл шаруашылығы кооперативін құрған.
«Мен құс фабрикасын ашқым келеді, бірақ мемлекеттің қолдауынсыз қолымнан келер емес. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 5 мың тауық аламын деп жоспарлап отырмын. Менің есебім бойынша егер фабрика болса, 30-ға жуық жұмыс орнын құра аламыз», - деді Қорғанбек Қайырбаев облыс әкіміне.

Ералы Тоғжанов бұл бастама қолдау табады деп сендірді.
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында ауылға оралғандардың барлығына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Әркімнің өз аяғына нық тұрып, отбасын асырауға мүмкіндігі болады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Тауарлық несиелеу үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі таңда 17 хромтаулық отбасы ауданның шаруа қожалықтарынан 340 бас ірі қара мен ұсақ мал, жылқы алды.
«Ауыл аманаты» жобасының аталған бағытына Дөң ауылының «Данияр» шаруа қожалығы белсенді қатысуда.

Ауданның үлгілі шаруашылықтарының бірі мал және өсімдік шаруашылығымен белсенді айналысады. Биыл мұнда 3500 га астық егу жоспарлануда. Өндіріс технологияларын сақтап, тұқым қоры мен арнайы техниканы жаңартып, сондай-ақ ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары аясында шаруа қожалығы жақсы өнім алуда.
Сонымен қатар, шаруашылықта 6 мың бас ұсақ мал бар.
Бүгін ШҚ үш отбасыға қайтарымсыз негізде 50 бас ұсақ мал берді. Олардың қатарында ШҚ жұмысшысы Бағдат Төлемісов те бар.

Шаруашылық басшысы Серік Оразымбетов жұмысшыларға қолдау көрсететін бағдарлама жұмыс істейтінін айтты. Атап айтқанда, егін жинау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен механизаторлар 2-3 млн теңге көлемінде сыйлықақы алады екен.
«Биылдан бастап біз 100 бас ірі қара малға қол жеткізген мал өсірушілерге қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, бұл – керемет ынталандыру», - деді кәсіпкер.