
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жуырда өткен жиында уәкілетті органдарға қала орталығындағы аулааралық жолдарды қоршаулармен жауып тастаған кәсіпкерлік субъектілерінің іс-әрекетін, заңдылығын тексеруді талап етті. Дәлірек айтқанда, мәселе «Рахат» ойын-сауық кешені мен «Қоныс» спорт сарайының артындағы аулааралық жолдарға қатысты. Заңсыз қоршаулар шамамен бес жыл бұрын орнатылған.
Бұл жерлер орта және шағын бизнеске жалға берілген. Алайда, белгіленген сервитут бар, яғни қала тұрғындары аумақты пайдалануға құқылы және темір қоршаулар қойылмауы тиіс.
Бүгін Әбілқайыр хан даңғылын жаяу аралау кезінде облыс әкімі коммерциялық ұйымдардың өкілдеріне құқықбұзушылықтарды жойып, сондай-ақ іргелес жатқан аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге бір апта уақыт берді.
«Сіз бір апта ішінде қоршауларды бұзасыз немесе біз мұны өзіміз жасаймыз. Бұл – ортақ жер! Қала тұрғындарының мұнда емін-еркін жүруге толық құқығы бар!», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Өңір басшысы мемлекеттік органдарға осындай заңсыз құрылыс нысандарын анықтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов спорт сарайының артында орналасқан жер учаскесін тексерді. Қоршалған аумақ жақында сот арқылы мемлекеттік қорға қайтарылды. Облыс әкімі қысқа мерзімде учаскені пайдалану жөнінде ұсыныстар дайындауды және оларды Қоғамдық кеңестің талқылауына шығаруды тапсырды.
«Қаланың қақ ортасы. Мүмкін бұл жерге саябақ, демалатын орын, жазғы спорт түрлерімен айналысатын нысан салу керек шығар. Біз халық үшін барлық жағдай жасауымыз керек», - деді Ералы Тоғжанов.
Қалалық Оқушылар сарайының артында қараусыз қалған футбол алаңын да абаттандыру тапсырылды.