«Қазақконцерттің» өнер майталмандары құтты мекен – ақтөбеліктерге ән-жырларынан шашу шашты

«Қазақконцерттің» өнер майталмандары құтты мекен – ақтөбеліктерге ән-жырларынан шашу шашты

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірге гастрольдік сапармен келген Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының өнерпаздарымен кездесті. 

Кездесуде өңір басшысы Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның мәдениет қайраткері Клара Төленбаева бастаған ұжым мүшелеріне Ақтөбе облысы аудандары тұрғындарының көңіл-күйін көтеріп, керемет концерттік бағдарлама өткізгендері үшін алғысын білдірді.

«Құтты мекен, киелі өңір Ақтөбеге қош келдіңіздер. Қазақтың әнін, күйін, қара домбырасын қасиет тұтқан сіздердің өнерлеріңізді жоғары бағалаймын. Осындай тамаша мезгілде ел-жерді аралап, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүргендеріңізге қуанып отырмын. Қазақтың болмысын айшықтайтын әні мен күйіне сұраныс барда, ұлттық өнеріміз өлмейді», - деп атап өтті облыс әкімі.

Еліміздің бас концерттік ұйымы «Ел бірлігі – жаңа Қазақстан!» жобасы аясында 1-5 сәуір аралығында Қандыағаш және Хромтау қаласы, Мәртөк, Қобда, Бадамша ауылдарын гастрольдік сапармен аралады. Бүгін Өнер орталығында ақтөбеліктерге концерттік бағдарламасын ұсынады.

Концертке қазақ эстрадасының жарқын өкілдері, ҚР халық артисі  Мақпал Жүнісова,  Елмұра Жаңаберген, Медет Салықов, Салтанат Ахметова, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева, эстрада әншілері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Әмре, Салтанат Меңдіғалиева және «Астана Сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі қатысады.

Өз кезегінде өнер майталмандары аудандардағы шаралар туралы пікірін айтты. Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова Қобда ауылында 25 жыл бұрын болғанын еске алды.

«Қазақконцерт» ұжымына жаңа басшы келгелі, Қазақстанның түкпір-түкпірінде концерттік бағдарлама ұйымдастыру қолға алынды. Пандемиядан кейін шығып тұрғанымыз – осы. Алты күннен бері Ақтөбе облысын аралап жүрміз. Соңғы барған ауданымыз Қобда болды. Халық өте риза, қуанып жатыр. Әнге сусап қалған екен. Қобдаға соңғы рет 25 жыл бұрын барыппын», - деді әнші Мақпал Жүнісова.

«Негізі сізбен кездесеміз деген ой да болған жоқ. Естігенде қуанып қалдық. Еңбек жасап жатқан, халқыңыздың сізге деген құрметін көріп жатырмыз. Соған риза болып, алғысымызды айтайын деп отырмын. Өнерімізге құрмет-қошемет көрсетіп, ілтипат білдіріп жатқаныңыз үшін рахмет», - деп «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева облыс басшылығына алғысын жеткізді.

«Ел бірлігі – жаңа Қазақстан!» жобасы аясындағы гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен моноқалалар мен аудандардың тұрғындары үшін сапалы мәдени өнімдерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді.