Ералы Тоғжанов: Сенбілік жұмыстарына өңірдің әр азаматы атсалысуы қажет

Ералы Тоғжанов: Сенбілік жұмыстарына өңірдің әр азаматы атсалысуы қажет

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында облыстың елдімекендерін санитарлық тазарту және абаттандыру мәселелері, Ақтөбедегі құрылысы ұзаққа созылған нысандар мәселесінің шешілу барысы қаралды.

8 сәуірде жалпыоблыстық сенбілік өтеді. Өңір басшысы осы аптада шараға мұқият дайындық жүргізуді тапсырды. 

«Ешкім, бірде-бір ұйым, бірде-бір ұжым шетте қалмауы керек. Барлық тұрғындар сенбілікке қатысуы тиіс. Тазалық – тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде. Акцияға қатысу әрбір тұрғынның жауапкершілігін арттырады, олар өздерінің жинаған жерінде қоқыс тастамайтын болады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Жалпыоблыстық сенбілік аясында қоғамдық орындар, тротуарлар, арықтар, автобус аялдамаларын, теміржол бойындағы аумақтарды тазарту, ағаштарды санитарлық кесу бойынша үлкен жұмыстар атқарылады. Қоқыс контейнерлері қойылған алаңдар, жол белгілері ретке келтіріліп, былтыр отырғызылған ағаштар мен бақылау құдықтарына түгендеу жүргізіледі. Қаланың санитарлық тазалағына жауапты коммуналдық қызметтер жұмысын едәуір күшейтеді.

Меншік нысанына қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындар өздерінің және іргелес аумақтарды тазалауға, объектілерді жарықпен безендіруге, қасбеттер мен қоршауларды жөндеуге, жуып-бояуға міндетті. ПИК және мүлік иелерінің бірлестігі, көпқабатты үйлердің тұрғындары аулалары мен оның маңын тазалауы керек.

Уәкілетті органдар қаланың құрылыс алаңдарында санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтеді.

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребековтің сөзінше, 29 құрылыс компаниясында дөңгелектерді жуу пункттері, нысандарының паспорттары жоқ. Сол себепті олар жауапкершілікке тартылған.

Өңір басшысы тазалыққа немқұрайлы қарайтындардың есімдерін, сонымен бірге контейнерлік алаңдар маңына үлкен көлемдегі қоқыстарды тастайтын тұрғындарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау керектігін айтты.

Қоқыс шығарушы ұйымдар – Clean City Aktobe, Neo Plus және «Таза Қарғалы» жұмыстарына сын айтылды. Ералы Тоғжанов қоқысты шығаруда жоғары сапалы қызмет көрсетіп жүрген еліміздің басқа қалаларындағы компанияларды тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Облыс орталығында жасыл желектер күтіміне ерекше мән берілмек. Бұталар, гүлдер мен газондар отырғызу, оларды күтіп ұстау бойынша жұмыстар жүргізетін екі ұйым жұмысының тиімділігі жеке қаралатын болады.

«Былтыр көпжылдық гүлдер мен газондар отырғызылды. Жақын күндері сол жерлерді қарап шығамын, тексеремін. Шыны керек, қалада бірде-біреуі жоқ деп айтуға болады», - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың күзінен бастап Ақтөбеде ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрунның айтуынша, бүгінде олардың бірі – 12ВГ ықшам ауданындағы кафе-дүкені пайдалануға берілген. «Арайлы» тұрғын үй кешенінің екінші кезегінің құрылысы қарқынды. Барлық нысандарға қатысты жұмыстарды жеделдету тапсырылды.

Жиында облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мәселелері де қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың сөзіне сүйенсек, өңірдің медициналық мекемелерінде науқастардың 244 шағымы тіркелген.  Талап-тілектердің негізгі бөлігі – амбулаториялық көмек көрсету, медициналық сақтандыру, стационарлық қызмет көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және мүгедектікті ресімдеу мәселелері.

Облыс әкімі халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту, скринингтік тексерулердің тиімділігін арттыру, науқастарды дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды күшейтуді басқармаға міндеттеді.

Сондай-ақ, «2023-2024 жылдарға арналған ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуына бақылау күшейтіледі, оның аясында облыстағы ауылдарда 29 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынады.