Ералы Тоғжанов көктемгі алғашқы жалпықалалық сенбілікке қатысты

Ералы Тоғжанов көктемгі алғашқы жалпықалалық сенбілікке қатысты

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбеде дәстүрлі өтетін көктемгі алғашқы екіайлық санитарлық-экологиялық сенбілікке қатысты.

Өңір басшысы тазалануы тиіс аумақтарды аралап, 12-шағын ауданының М.Мәметова көшесі бойындағы аллеяны және Ж.Кереев көшесі бойындағы саябақты тазалап жатқандардың қатарына қосылып, қаланы абаттандыруға үлесін қосты.

«Ақтөбе – біздің ортақ үйіміз, оны таза ұстау, көгалдандыру – ортақ ісіміз. Сенбілікке қатысу – барша қала тұрғындарының, кәсіпкерлік нысандарының иелерінің, меншік түріне қарамастан барлық мекеме басшылары мен ұжымдарының азаматтық борышы», - деген Ералы Тоғжанов ақтөбеліктерді екіайлық тазалық акциясына белсене қатысуға шақырды.

Бүгін қаладағы бірнеше қоғамдық орындарда екіайлық санитарлық тазалық акциясы аясында алғашқы сенбілік ұйымдастырылды.

Қала аумағын тазалауға мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студенттер шықты.

Облыс әкімі акцияға қатысушылармен әңгімелесіп, олардың белсенді өмірлік ұстанымы үшін, әсіресе, Қоғамдық кеңес ақсақалдары мен этномәдени бірлестіктер мүшелеріне алғысын білдірді.

Жалпықалалық сенбілік 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында апта сайын өткізілетін болады. Осы кезеңде 600-ден астам кәсіпорын мен ұйымның ұжымдары сенбіліктерге қатысады. Сонымен қатар, көпқабатты үйлерді басқарушы компаниялар,  ПИК (КСК, ОСИ) тұрғындармен бірлесе отырып, аулаларды және оған іргелес аумақтарды ретке келтіріп, қоқыстан тазартуға міндетті.

Екіайлық шара аясында қалалық полигон қоқыстарды тегін қабылдайды.