Ақтөбе халықаралық әуежайында «Қазпошта» инновациялық терминал-хаб салады

Ақтөбе халықаралық әуежайында «Қазпошта» инновациялық терминал-хаб салады

«Қазпошта» АҚ Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе Халықаралық әуежайында жаңа пошта терминал-хабын ашады.  Бұл әуе поштасын жеткізуді едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді, әсіресе қазақстандықтар арасында онлайн-сауданың танымалдылығы артқан тұста маңыздылығы жоғары. 

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова жобаны іске асыру туралы екіжақты меморандумға қол қойды.

«Хаб тек Ақтөбе облысын ғана емес, еліміздің барлық батыс өңірлерін де қамтитын болады. Осы жобаның арқасында пошта жөнелтілімдерін жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарады. Біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Әсел Жанасованың айтуынша, жаңа хаб ең жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес салынады, заманауи сұрыптау жабдықтарымен жабдықталады.  

«Бүгінде интернет арқылы сатып алу жиілігі тұрақты өсуде, сонымен бірге жіберілетін сәлемдемелер саны да артып келеді. Бұл – Қазақстан үшін де өзекті әлемдік тренд. Көрсетілетін қызметті жақсарту мақсатында біз Астана, Алматы және Ақтөбе әуежайларында терминал-хабтар салуды жоспарлап отырмыз. Өңір басшысының қолдауының арқасында Ақтөбе облысы осы жобаны іске асыруға бірінші болып кірісуде. Хаб ашылса, шетелден, мысалы, Америкадан, Германиядан және Қытайдан тауарларды жеткізу мерзімі 45 күннен 10 күнге дейін қысқарады», - деді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы өз сөзінде.

Сондай-ақ, «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыру аясында қос тарап  Ақтөбе облысының ауылдық жерлерінде пошта саласын дамыту жөнінде тағы бір маңызды келісімге келді. Меморандумда өңірдегі «Қазпошта» АҚ өндірістік нысандарының желісін сақтау және жаңғырту, жаңа қызмет көрсету орындарын ашуға бастамашылық жасау, сондай-ақ бүгінгі күні пошта байланысының стационарлық бөлімшелері жоқ ауылдарда зейнетақы, жәрдемақы және жалақы төлемдерін ұйымдастыру мәселелерінде өзара ынтымақтастық көзделген.