Саясат Нұрбек Ақтөбе өңіріне үш сүйінші жаңалығымен келді

Саясат Нұрбек Ақтөбе өңіріне үш сүйінші жаңалығымен келді

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 14 мыңнан астам студент жоғары білім алатын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жұмысымен танысты. Оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттерімен кездесті.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов министрмен кездесу барысында өңірде сұранысқа ие кадрларды даярлау, ғылымды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

«Өңір үшін сұранысқа ие мамандарды даярлау басым бағыт болып қала береді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірлесіп, «Жаңа мамандықтар» аймақтық атласын құрастыру бойынша «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асыруға ниеттіміз. Мен облыстың дамуына оң әсер ететін қызықты идеяларды қарастыруға және қолдауға дайынмын», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

«Мен үш сүйінші жаңалықпен келдім. Біріншісі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Heriot-Watt филиалының ашылуымен байланысты. Екіншісі – ғылым моделінің өзгеруіне қатысты. Белгілі бір өңірдің экономикалық қажеттілігіне байланысты өңірлік ғылыми орталықтар, ғылым дамитын 15 ЖОО іріктелетін болады. Олардың қатарында Ақтөбе өңірлік университеті бар. 20 ақпанда біз «Жаңа мамандықтар» өңірлік атласын қалыптастыру бойынша зерттеулердің бірінші кезеңіне кірісеміз», - деген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақтөбе кәсіпорындарының басшыларын картаны әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.

Аталған құжатты әзірлейтін сарапшылар тобын оқыту бір апта ішінде жүргізіледі. Осы жұмыс аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, оның ішінде ауыл проблемаларын зерттеу жоспарлануда. Зерттеу нәтижелері бойынша жоғары оқу орындарында өңірді дамыту үшін қажетті мамандықтар ашылатын болады.