Ералы Тоғжанов Жайсаң арнаулы мектебінің тәрбиеленушілеріне оңалту көмегін күшейтуді тапсырды

Ералы Тоғжанов Жайсаң арнаулы мектебінің тәрбиеленушілеріне оңалту көмегін күшейтуді тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Мәртөк ауданына барып, тұрғындармен кездесу өткізді, «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен жүздесіп, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Облыс әкімі «Жайсаң авто» шекаралық-көліктік бақылау-өткізу пунктін, сондай-ақ биыл пайдалануға берілген Жайсаң ауылындағы жаңа спорт кешенін көрді. Жобаның құны – 240 млн теңгеден асады. Спорт кешенінде 60 бала 7 спорт секциясы бойынша жаттығады. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізу үшін кешкі уақытта да жұмыс істейтін болады. Кешеннің жалпы ауданы – 3,9 мың шаршы метр. Мұнда бокс, күрес, шығыс жекпе-жек залдары, шағын футбол, гандбол және волейболға арналған спорт залдары бар.

Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов Жайсаң арнайы білім беру ұйымына барды. Мекеме директоры Бекболат Сәрсенбаевтың сөзінше, қазір мұнда 100-ден астам бала оқиды, оның 17-сі – жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Бұл мектептегі барлық оқушылардың есту қабілеті бұзылған және психикалық дамуы тежелген. Бір сыныпта арнайы жеңілдетілген бағдарламамен оқытылатын балалар саны төрттен аспайды. Әлеуметтік бейімделуге, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыруға және кәсіптік бағдар беру жұмыстарына ерекше назар аударылады. «Қазақстан халқына» қорының қаражатына жаңа шеберханалар жаңартылып, жабдықталды. Осы мақсаттарға барлығы 21 млн. теңге бағытталды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеу үшін жылыжай ашылған. Жазда бау-бақшаларында көкөністер өсіріледі.

Ералы Тоғжанов оқушылармен әңгімелесіп, оларға жасалған жағдайлармен танысты, балаларды оңалту шараларын барынша күшейтуді тапсырды.

«Бұл мәселеге ерекше назар аударыңыз. Сіздің басты мақсатыңыз балаларды әлеуметтендірудегі барынша нәтижелер болуы тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі.

Биылғы жылы мектеп жанындағы жатақхана мен асхана күрделі жөндеуден өтеді.

Ағымдағы жылы Мәртөк орталық аудандық ауруханасының ғимараты да күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы емдеу орнының қызметімен танысқан өңір басшысы айтты. Аурухана ғимаратының жалпы ауданы - 8,8 мың шаршы метр. 54 орындық стационар және 16 орындық күндізгі стационар, 200 келушіге арналған емхана бар. Халыққа 40-тан астам дәрігер қызмет көрсетеді.