Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданының жеке қосалқы және шаруа қожалықтарына барды

Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданының жеке қосалқы және шаруа қожалықтарына барды

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Мәртөк ауданына келді.

Өңір басшысы жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып,  ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударды.

Сарыжар ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Еркінай Оразымбетова жеке қосалқы шаруашылығын 2016 жылдан бастап табыс көзіне айналдырған. Ешкі сүті мен май, қаймақ, ірімшік және т.б. сүт өнімдерін өндіреді.

«Біздің отбасымыз мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алуға шешім қабылдады. 1,3 млн теңге алып, қазір жұмыс істеп жатқан бордақылау алаңын жасадық.  Бес балам бар. Біреуінің асқазаны ауырды. Ешкі сүтінің емдік қасиеті барын естіп, бес ешкі сатып алдым. Расында емдеді. Кейін ешкі өсіріп, бағуды қолға алдым. Грант ұтып алуға болатын бағдарламаны пайдаланып, өтінім беріп, 3 млн теңге ұтып алдым, оған 20 ешкі сатып алдым. Бастапқыда шығынға ұшырадым, оңай болған жоқ. Қазір мал жерсінді, өнімін беруде. Сатудың қиындығы жоқ. Интернет сауданы меңгердім, тұрақты клиенттерім бар.  Жақында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 6% жеңілдікпен несиеге 12 сиыр сатып алынды. Енді сиыр сүтін де өңдейміз. Жазғы кезеңде күн сайын 20-30 мың теңгеден табыс табамыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кентте жоқ ауылдан наубайхана ашқымыз келеді»,- деді Еркінай Оразымбетова.

«Сіз және сіздің отбасыңыз – ауылдастарыңызға тамаша үлгісіз. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – әр отбасына өз шаруашылығының есебінен табыс табуға мүмкіндік беру»,- деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, өңір басшысы ескі тракторлар мен жеңіл автомобильдердің құралдарын пайдаланып, шағын тракторлар жинап-шығаратын жеке кәсіпкер Нариман Мөңкебаевтің кәсібімен танысты.

«2021 жылы осы істі дамытуға 5 млн теңге көлемінде грант алдым, осындай мүмкіндіктер үшін мемлекетке алғыс айтамын. Ескі ауылшаруашылық тракторларын жөндеген кезде маған шағын тракторларды жинау идеясы келді. Шағын трактордың 200 келіге дейін жүк көтереді. Алдыңғы жағында шөміші және артқы жағында жолдарды тазалауға арналған тазартқышы бар», - деп бөлісті Нариман Мөңкебаев.

Облыс әкімі бұл бастаманы жоғары бағалады.

«Осының негізінде үлкен өндіріс құруға болады. Мұндай техника тек ауылға ғана емес, бүкіл облысқа да қажет», - деді Ералы Тоғжанов.

Тәңірберген ауылдық округінде өңір басшысы «Milker» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Данияр Отарбаев қуаттылығы жылына 12 мың тонна түйіршіктелген жем шығаратын цехтың жұмысын көрсетті. Өңдеуге арналған жоңышқа суармалы жерлерде өсіріледі. Түйіршіктелген жоңышқаның бір бөлігін өз қажеттіліктеріне пайдаланса, бір бөлігі Өзбекстан мен Қытайға сатылады. Өндіріс агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қаржылық қолдау шараларының арқасында іске қосылған.

Тәңірберген ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бойынша 142 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның 9-ы бүгінде мақұлданды. Жобаға қатысушы көпбалалы ана Дариха Дүйсенова жақын арада сүт өңдейтін цехының жұмысын бастайды.

«Көптен бері ауылдастарымнан сүт алып, айран жасап, қалаға саудалап жүрмін. Сұраныс жақсы. Енді толыққанды шеберхананы жабдықтауға, құрал-жабдықтар алуға мүмкіндігім бар. Мен бұрын несие алған емеспін, ешқандай жобаға қатыспағанмын, сондықтан қорықтым, бірақ әкімдікте маған бәрін егжей-тегжейлі түсіндірді. Енді бір шешімге келіп, құжаттарымды тапсырғаныма өте қуаныштымын», – дейді Дариха Дүйсенова.

Ауылдық округ әкімі Медет Бекжановтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру нәтижесінде округте жұмыссыздық мәселесі 100 пайыз шешілетін болады. Бүгінде АӘК алатын отбасылар өздерін лайықты табыспен қамтамасыз етіп, мемлекеттік төлемдерге тәуелді болмайды.

«Бұл іске дұрыс көзқарас керек, жұмыссыздық мәселесі бірінші кезекте шешілуі тиіс»,- деп мақұлдады Ералы Тоғжанов.

Бұдан өзге, өңір басшысы сүт өндірісіне маманданған «Есбол» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Биыл шаруашылық 1200 бас ірі қара малға арналған жаңа сүт-тауар фермасының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Мәртөкте Ералы Тоғжанов қуаттылығы жылына 3 тонна қияр өсіретін жылыжайды және  инкубациялық-құс шаруашылығы станциясын аралады. Айтып өту керек, станса биыл 25 мың үйрек, тауық және қаз өсіруді қолға алмақ.