Ералы Тоғжанов: «Ауыл аманаты» - ауылдарды көтерудің нақты мүмкіндігі

Ералы Тоғжанов: «Ауыл аманаты» - ауылдарды көтерудің нақты мүмкіндігі

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданына жұмыс сапары барысында ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының үміткерлерімен және қатысушыларымен кездесті.

Облыс әкімі жобаның мақсаттары мен міндеттерін түсіндіре келе, «Ауыл аманаты» Мемлекет басшысының ауылда өмір сүру деңгейін арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылып жатқанын атап өтті.

Ералы Тоғжанов кездесу қатысушыларының барлық сұрақтарына жауап берді. Аудан тұрғындарын басқа несиелері бола тұра, жылыжай, наубайхана ашуға қарыз ала алатынын, алғашқы қарызды мерзімінен бұрын өтеген жағдайда жоба бойынша қайта несие рәсімдей алатынын және т.б. мәселелерді білді.

«Наубайхана ашуды міндетті түрде қолдаймыз. Жоба басталар алдында облыс бойынша үлкен скрининг жүргізілді. Басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатыны, өсімдік және құс шаруашылығы бағытындағы жобалар өте аз екені анықталды. Қазір біздің облысқа құс етінің 95 пайызы сырттан әкелінеді. Сондықтан жоба аясында осы мәселеге баса назар аударылды. Біз өзімізді жергілікті азық-түлікпен барынша қамтамасыз етуіміз керек. 200 шаршы метр жылыжайға шамамен 3,5 млн теңге, 400 шаршы метрге 8 млн теңгеге дейін аласыз. Біз жылыжай салуға көмектесеміз, бәрін үйретеміз», - деді Ералы Тоғжанов.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауылдағы жұмыссыздықты азайту.

«Болашақта жұмыссыздық деңгейі 77%-ға төмендейді деп болжануда. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған. 1%-ға азайтудың өзі жақсы нәтиже болып саналады, дегенмен мұнда көп нәрсе сізге байланысты. Бұл – жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне айналдырудың нақты мүмкіндігі, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар», - деді облыс әкімі.

Мәртөк ауданында 240-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның 15-і мақұлданған. Жобалар іске қосылғанда, күтілетін нәтижелер: қатысушылардың орташа айлық табысы 202,9%-ға өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 79,6%-ға азаяды және жұмыссыздық деңгейі 77,1%-ға төмендейді деп болжануда.

Осы жоба бойынша шағын несие беру мерзімі 5 жылды құрайды, бұл ретте мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жыл кезең көзделген. Қарыз жылдық 2,5%-бен беріледі. Бірінші жылы несиелік демалыс болады.

Жоба қатысушыларын әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау процесінің мониторингін және қаражатты бөлуді қамтамасыз ететін жобалық кеңсе ашылды. «Ауыл аманаты» жобасының үміткерлеріне құжаттарды ресімдеуде және бастамаларды одан әрі іске асыруда барынша көмек пен қолдау көрсетіледі.