Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға тауарлық несие берілді

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға тауарлық несие берілді

Бүгін Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мәртөк ауданы Саржансай ауылында болып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тауарлық несие алған қатысушының жеке қосалқы шаруашылығымен танысты.

Ақшалай несиемен қатар, тауарлық несие беру жобаның өзіндік ерекшелігі. Осы орайда ірі шаруа қожалықтарының басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Ұсынысымызды 27 шаруа қожалығы қолдады. Олар ауыл тұрғындарына 6 мың мал беруге дайын. Бүгінгі күнге дейін 42 жеке қосалқы шаруашылыққа 650 мал берілді. Тауарлық несие ретінде мал алған шаруалар алдағы екі-үш жыл ішінде оны төлмен қайтарады. Бұл – жаңа істі бастау үшін жақсы демеу», - деп атап көрсетті Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

«Президенттің алғашқы Жарлығы нақ ауылдық аймақтарды дамытуға арналғаны қуанышты. Мен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облыс әкімі қабылдаған шешімдердің ауылдарды дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге оң әсерін тигізіп, өз тиімділігін көрсететіндігіне сенемін. Барлық шаруа қожалығы жетекшілерін бұл жобаны қолда шақырамын»,- деді «Есбол» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхамбетқали Қарсақов.

Жоба қатысушысы Нұрсұлтан Бекбауов «Ауыл аманаты» — ауыл тұрғындары үшін өз ісін бастаудың және табысын молайтудың тамаша мүмкіндігі деп санайды. Ол бұған дейін вахталық әдіспен еңбек еткен, ал пандемия кезінде компания өндіріс көлемін қысқартып, жұмысты азайтып, еңбекақыны төмендеткен.

«Менің төрт балам бар, әке-шешем — зейнеткерлер, сондықтан отбасын қамтамасыз ету — міндетім. Мен жобаның алғашқы қатысушыларының бірі болдым. «Есбол» шаруа қожалығы 10 бас ірі қара берді, жем-шөппен қамтамасыз етті. Тауарлық несиені 2-3 жыл ішінде қайтаруды жоспарлап отырмын»,- деді ол.

«Ауыл аманаты» жобасы Мәртөк ауданында Қаратоғай, Тәңірберген ауылдық округтерінің 41 ауласын қамтыды. Мұнда жалпы сомасы 155,3 млн теңгеге 41 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 14 жоба құс шаруашылығымен, 20 – өсімдік шаруашылығымен, 5 – шағын бизнеспен, 2 – кооперативтерді жарақтандырумен байланысты.

Жобаны іске асыру нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 55%-ға, жұмыссыздар саны 45,2%-ға қысқарады, ал оған қатысатын отбасылардың табысы 200,4%-ға артады деп күтілуде.