Ералы Тоғжанов: «Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғары талаптарға біз сәйкес болуымыз керек»

Ералы Тоғжанов: «Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғары талаптарға біз сәйкес болуымыз керек»

     Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов мемлекеттік қызметшілермен кездесті.

     ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалында өткен іс-шараға ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары мен мамандары, Академия түлектері, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ-дің 4 курс студенттері – «Болашақ басқарушылар» жобасының қатысушылары, «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушылары қатысты. 

      Кездесу барысында «Абаттандырылған ауыл» пилоттық жобасының алдын ала нәтижелері айтылды. Академия филиалы қабырғасында көтерілген бастама бүгінде облыстың 12 ауылдық округінде жүзеге асуда.

      Атап айтқанда, Алға ауданының Үшқұдық ауылдық округінің әкімі Берік Ақдәулетовтің айтуынша, округ аумағында жұмыс істейтін шаруашылық иелерін тарта отырып, елді мекендердің проблемаларын шешу бойынша бірқатар шаралар қабылдаған.

      Өңір басшысы ауылдық округ әкімінің жұмысына оң баға беріп, бұл тәжірибе аудандарда таныстырылып, таратылатынын атап өтті.

      Облыста 2016 жылдан бастап «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебі жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында мектепті бітірген 111 түлек мемлекеттік қызметшілер қатарын толықтырды. Биылғы маусымның екі тыңдаушысы Абай Ниязов пен Тұрар Гибатулла әлі мемлекеттік қызметте жұмыс істемесе де, өңірдің дамуына белсенді қатысып жүр. Олар бүгін облыс әкіміне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын мониторингілеу бойынша «E-BAGA» қосымшасын таныстырды.

       Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ералы Тоғжанов халықтың мемлекетке деген сенімі мен оның өзгерістерге дайындығы мәселесі елдердің ауқымды сын-қатерлерін еңсеру барысында ерекше маңызға ие екенін алға тартты.

     «Тәуелсіз елде тұрып жатқанымызға 30 жылдан асты. Өздеріңізге белгілі, егемен Қазақстанның дамуы әр кезеңде мемлекеттік басқарудың тиісті үлгісін қажет етті. Бір үлгіден екіншісіне көшу экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің логикасына сәйкес келді. Біздің алдымызда адами ресурстардың сапасын жақсарту және мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін арттыру міндеті тұр. Жүргізіліп жатқан реформалардың табысты болуы, соның нәтижесінде халықтың әл-ауқатының артуы мемлекеттік қызметшілердің, яғни, сіз бен бізге тікелей байланысты», - деп атап өтті облыс әкімі.

      Өңір басшысы кездесуге қатысушыларды нәтижеге жұмыс істеуді, кез-келген жұмысты сапалы және аса жауапкершілікпен атқаруға шақырды.  

   

       «Елге қандай пайда әкелетіндеріңізді ойлау қажет. Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғары талаптарға біз сәйкес болуымыз керек», - деді Ералы Тоғжанов.

       Шара барысында облыс әкімі қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген жас мемлекеттік қызметшілерге алғыс хаттар табыс етті.