Бүгін Ақтөбеде ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қаржы институттарының басшылары, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлерінің қатысуымен практикалық конференция өтті.
Шара қатысушыларына құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов биыл сала қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін жақсы нәтижелермен атап өтіп жатқанын алға тартты. Дәлірек айтқанда, облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемі 381,1 млрд.теңгені құрады. Өсім барлық бағыт бойынша байқалған. Әсіресе, астық саласында жетістік мол. Жиналған астық көлемі былтырғы көрсеткіштен екі есеге артып, 532 мың тоннаға жетсе, жылқы, ірі қара, ұсақ мал, түйе санының басы 5,4 %-дан 30,3%–ға өсті. Ауылшаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану бойынша да бақылау күшейтілді. Екі жылда 1 млн-нан астам гектар жер қайтарылып, оның 680 мың гектары қайта айналымға енгізілген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру стратегиялық міндет екендігін айқындап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл өңірлер арасында алғаш болып Ақтөбе облысында ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Жобаны іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге, Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап кооперативтерді дамытуға 1 трлн. теңге бағыттау жөнінде шешім қабылдады. Облысымыз бұл тапсырманы 100 пайыз орындауға әзір, себебі «Ауыл аманатын» жүзеге асыруға дайындық кезінде бүкіл ауылдарға скрининг жүргізілді. Ел Президентінің тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау – біздің басты міндетіміз, өйткені халықтың әл-ауқатының артуы осыған тікелей байланысты», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
«Ауыл аманаты» жобасына облыстағы 12 ауданның 24 ауылдық округі қатысады. Тұрғындар республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд.теңгеге 2 772 жобаны жүзеге асырады. Бұл ретте Ақтөбе облысы жобаның ауқымын кеңейтті, яғни ақшалай қарыздардан басқа ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тауарлық несие ретінде 6000 бас мал береді деген шешім қабылданды.
Бүгін жеке қосалқы шаруашылықтар жеңілдетілген ақшалай қарыздар мен тауарлық несиелерді алуға мүмкіндік беретін алғашқы сертификаттарға ие болды.
«Бұл жобаны Ералы Тоғжанов Премьер-Министрдің орынбасары болып тұрған кезде бастады. «Ауыл аманатына» Сіз көп көңіл бөлдіңіз, өйткені халықтың қажеттіліктерін жақсы түсінесіз. Бұл өте маңызды және қажетті жоба, ол, ең алдымен, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешеді, құс еті өндірісі және сүт өңдеуді дамытады. Мұның барлығы отырып, бүгінгі таңда өңірдің ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселелер. Еңбек адамына, қарапайым ауыл еңбеккеріне облыста үлкен көңіл бөлінетіні қуантады», - деді «Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы» Жигули Дайрабаев.
«Ауыл аманаты» жобасына қолдау көрсетуге ниетті азаматтардың қатары күн санап артып келе жатыр. Олар жеке қосалқы шаруашылықтарды қажетті жем-шөп көлемімен қамтамасыз етіп, өсімдік шаруашылығын дамытуға дайын.
«Реймқұл» ШҚ басшысы Самат Рейұлы Қалдығұлов жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау жалпы ауыл шаруашылығының барлық саласын дамытуда маңызды екеніне сенімді.
«1997 жылы шағын шаруашылық ретінде ісімізді бастадық, ал бүгінде өзімізді табысты ірі кәсіпорын деп атай аламыз. Біз тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да жұмыс істейміз. Қайта өңдеуді жолға қойдық, яғни ет консервілерін шығарып жатырмыз. Асыл тұқымдандыру ісіне үнемі ғалымдарды тартамыз. «Ауыл аманатының» арқасында көптеген жеке қосалқы шаруашылықтар аяққа тұрып қана қоймай, табысты ірі шаруашылыққа айналатынына сенімдімін», - деді Самат Қалдығұлов.
Облыс әкімінің ауыл тұрғындарына жеке кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу туралы үндеуіне «Реймқұл» ШҚ – қолдау білдіргендердің қатарында. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қожалық ауыл тұрғындарына тауарлық несие беру шарттары бойынша асыл тұқымды ірі қара мал береді.
Конференция қатысушылары – аграрлық кәсіпорындардың басшылары ет кластерін дамыту, күздік дәнді дақылдарды егу, құрғақ аймақ жағдайында дәнді дақылдарды өсіру технологиясы, жасыл конвейер құру, сүтті бағыттағы сиырларды ұстау ерекшеліктері және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы туралы баяндамалар жасады.
Шара соңында, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері ҚР АШМ ведомстволық наградаларымен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен және ҚР Фермерлер қауымдастығының құрмет грамоталарымен марапатталды. Ералы Тоғжанов облыстың үздік сауыншы, малшы, ветеринары, агроном, механизаторлары мен комбайншыларына марапаттар табыстады.
Айтып өтейік, саланы дамытуда мемлекеттік қолдаудың алар орны ерекше. Биылғы жылы ауыл шаруашылық саласын субсидиялауға республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 24,6 млрд. теңге бөлінді. Бұдан өзге, Аграрлық несие корпорациясы арқылы 596 жобаға 12 млрд. теңге көлемінде қаржы бағытталды, «ҚазАгроҚаржы» Ақтөбе филиалы арқылы жалпы құны 10,5 млрд.тг теңгеге 606 ауыл шаруашылығы техникасы алынды.