Оңдасын Оразалин құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады

Оңдасын Оразалин құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады
Ақтөбе облысының әкімдігінде 12 тамыз күні Құрылысшылар күніне арналған мерекелік жиын өтті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізгендері үшін «Құрметті құрылысшы» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.Өскенбаевтың алғыс хаттары мен басқа да марапаттарды табыс етті.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Ақтөбе облысының тұрғын үй аумағы айтарлықтай үлкейгені атап өтілді. Облыс орталығында 2013 жылдан бері Есет батыр тұрғын үй алабының құрылысы басталған еді, мұнда бүгінде 11 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылған. Қазіргі таңда Батыс-2 және Батыс-3 ықшам аудандарының құрылысы қарқынды жалғасуда. Қала аумағында Бауырластар, Рауан, Ақжар, Ақшат, Жаңақоныс және басқа да тұрғын үй алаптары салынып жатыр.
«Соңғы үш жылда облыста тұрғын үй құрылысының рекордтық көлемі байқалуда – 1 млн ш.м. астам тұрғын үй. Бұл өңірдің республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша республикалық маңызы бар қалалардан кейін 4-орынды иеленгендігін білдіреді. Атап айтқанда, соңғы үш жылда облыс бойынша 3,2 млн ш.м. тұрғын үй немесе 22,1 мың пәтер пайдалануға берілді. Тұрғындар үшін жаңа мектептер, ауруханалар, спорттық және мәдени нысандар салынды. Бүгін біз барша құрылысшыларға ел мен қоғам игілігі жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғысымызды білдіреміз», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар, шара барысында облыс әкімі "Нектар" ӨК басшысы Шамиль Каспрановты 75 жасымен құттықтап, алғыс хат табыстады және қазақи дәстүрге сай иығына шапан жапты.
2022 жылдың жеті ай қорытындысына сәйкес барлық қаржыландыру есебінен облыс бойынша 426,0 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,7%-ды құрайды. Жылдың соңына дейін аталған көрсеткішті 1251 мың ш.м. дейін жеткізу жоспарланған.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі