Ақтөбеде Baqytty Bala-2022 ашық халықаралық балалар фестивалі-байқауы басталды

Ақтөбеде Baqytty Bala-2022 ашық халықаралық балалар фестивалі-байқауы басталды
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин Балалар жылына орайластырылған «Бақытты бала-2022» төртінші ашық халықаралық балалар вокал фестивалі-байқауының қатысушыларымен кездесті.
Baqytty Bala байқауы алғаш рет 2018 жылы басталды. Айта кетейік, өткен жылдардың жеңімпаздары мен қатысушылары Димаш Құдайбергеннің жеке концерттері аясында, оның ішінде Лондон мен Нью-Йоркте бір сахнада өнер көрсетуге бірегей мүмкіндік алды. Биыл байқауға Ресей, Өзбекстан, Түркия, Украина, Польша, Испания, Румыния, Әзірбайжан, Армения, Болгария, Африка елдері мен Қазақстанның барлық қалаларынан 200-ден астам жас вокалист өтініш білдірген. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға 21 өнерпаз шықты. Бұл күндері олар Ақтөбе қаласының бас сахнасы «Өнер орталығының» концерт залында байқаудың Гран-при жүлдесін сарапқа салуда. Қатысушылар екі шығарманы – ана тіліндегі әнді және әлемдік хит немесе авторлық әнді орындауы керек.
Baqytty Bala-2022 байқауының қорытындысы 13 тамызда өтетін гала-концертте белгілі болады.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі