Оңдасын Оразалин Авиажөндеу зауытының ұжымымен кездесті

Оңдасын Оразалин Авиажөндеу зауытының ұжымымен кездесті
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 9 маусым күні шағын әуе кемелеріне күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын «№406 Авиажөндеу зауытында АА» болды.
Қазір кәсіпорын тапсырыс көлемінің азаюына байланысты қиындықтарды бастан кешіруде. Облыс әкімі өндірісті қарап шығып, зауыт басшылығы мен ұжымына жиын өткізді.
«Сіздің ұжымда туындаған мәселелер туралы білемін. Сондықтан мен уақыт тауып, келіп тұрмын. Бұл бірегей кәсіпорын, қателеспесем, баламасы тек Алматыда ғана бар. Біздің өңір үшін зауыттың маңызы зор, мен оның алдағы тағдырына бей-жай қарамаймын. Кәсіпорын толық қуатында болмаса да, өндірістің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыратындай және болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретіндей жұмыс жасауы үшін алдағы уақытта не істеу керектігін талқылайтын боламыз»,- деді облыс әкімі.
Ақтөбеде авиа жөндеу зауыты 1939 жылы салынған. Қазіргі уақытта зауытта күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету, модификациялау мен жетілдіру, Ан-2 ұшақтарының, Ми-2 тікұшақтарының құрамдас бөліктерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Одақ ыдырағаннан кейін зауыттағы жұмыс көлемі он есеге қысқарды. Қазір жүктемеміз одан да азайды – жылына онға жуық АН-2 ұшағын, 4-5 МИ-2 тікұшағын шығарамыз. Қазақстандық тапсырыстар аз болғандықтан, биыл ресейлік авиацианың сертификатын алдық. Енді ресейлік авиакомпаниялардың да ұшақтарын жөндей аламыз. Сертификат алу оңай болған жоқ, бұл жүктеме көлемін 2001 жылғы деңгейге дейін арттырады деп үміттенеміз. Жұмыс көлемінің болмауына байланысты қызметкерлер саны 170-ке дейін қысқарды, бірақ жүктеме болса, бізге көбірек жұмысшы қажет болады»,- дейді зауыт басшысы Қуандық Қадірбаев.
Кездесу барысында тараптар бірқатар өзекті мәселелерді талқылады, соның ішінде қызметтер тізбесін кеңейту және жабдықтардың жаңа түрлерін шығаруды игеру, жобалаушы, инженер-технолог мамандарының тапшылығы проблемасы сұрақтары бар. Өңір басшысы ұжымның ұйымшылдығына тоқталды.
«Бүгін мен еңбек етуге, өндірісті сақтап қалуға, тіпті оны сіздерден кейін келетін жас мамандарға беруге құлшынысы зор, салауатты ұжымды көрдім. Қазіргі жағдай кәсіпорынды дамытуға мүмкіндік бермейтіні анық, тіпті жалақыны көтеруге де. Ең алдымен зауытты қаржылық-экономикалық сауықтыру жұмыстарын жүргізу қажет»,- деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі авиажөндеу зауытының жүктемесін арттыру мәселесі орталық мемлекеттік органдар деңгейінде көтерілетініне уәде берді.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі