Биыл Ақтөбе облысының экономикасына 933 млрд теңге инвестиция тартылатын болады

Биыл Ақтөбе облысының экономикасына 933 млрд теңге инвестиция тартылатын болады
Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында облыс экономикасына инвестиция тарту сұрақтары талқыланды.
Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында өңірге тартылған инвестиция көлемі 162,9 млрд теңгені құрады, бұл жоспарланған көлемнен 8,2% көбірек. Соның ішінде 300 жұмыс орнын құрған сегіз жоба жүзеге асырылды – сүзбе мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын цехтың, сауда орталықтарының, мобильді спорттық-сауықтыру кешенінің және т.б. құрылысы басталды.
Сонымен бірге, инвестиция тарту жоспарын орындамаған аудандар да жоқ емес. Олар: Қобда, Ойыл, Ырғыз, Әйтеке би, Алға, Темір аудандары. Облыс орталығында да осындай жағдай.
Индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы ​ Қуандық Қасымовтың сөзінше, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 90,6 млрд теңгеге 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен 1100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жалпы, 2021-2025 жылдар аралығындағы кезеңде Ақтөбе облысына 5,7 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, соның ішінде 933 млрд теңгені осы жылы.
Облыс әкімі оларды уақытында жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Оңдасын Оразалин: «Аудандарда, және облыс орталығында әрбір жоба үнемі бақылауда болуы тиіс. Әр үш ай сайын ағымдағы жағдай бойынша талдау жүргізіп отырыңыздар. Егер бір жер кешеуілдеп жатса, жағдаймен жекелей айналысыңыздар»,- деп тапсырды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі