Ақтөбеде 41 жаңа автобус қалалық бағытқа шығады

Ақтөбеде 41 жаңа автобус қалалық бағытқа шығады
Ақтөбенің қоғамдық көлік паркі 41 жаңа автобуспен толықты.
22 мамыр күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин "Автопарк" ЖШС-нің сыйымдылығы үлкен және орташа болатын 23 жаңа автобусын қарап шықты. Кәсіпорын №16 және 25 бағыттағы көліктерін толықтыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, осы күннен бастап Ақтөбеде жаңа, төртінші тасымалдаушы пайда болды. Бұл атыраулық "Akzhayik Avtopark" ЖШС. Оның қызмет көрсетуіне
№40, сонымен қатар, бұрын №52 бағытта жүрген №51 бағыттар берілді. Көліктің нөмірі өзгергенімен қозғалыс бағыты сол күйі қалды.
"Әзірге 18 автобус әкелдік, келешекте олардың санын көбейткіміз келеді. Барлық автобустар жайлы, заманауи. Пандустар, бейнекамералар мен желдеткіш жүйелері орнатылған. Әрқайсысына сексен жолаушы сыяды",- дейді "Akzhayik Avtopark" директоры Қуантай Қалман облыс әкіміне.
Өңір басшысы тасымалдаушыларға жолаушыларға сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
"Әкімдік сіздің алдыңыздағы барлық міндеттерін толық көлемде орындап отыр. Мәселе тек сізде - қатаң тәртіп сақтап, жолаушылармен сыпайы сөйлесу керексіздер",- деді Оңдасын Оразалин.
Бұдан өзге, облыс әкімі Кірпішті ауылындағы Елек өзені арқылы өтетін көпірден "Ақтөбе-Орск" тасжолына дейінгі автокөлік жолын қарап шықты.
"Жаңбыр жұмыс қарқынын бәсеңдетіп отыр. Біз қала күніне дейін Родниковкаға дейінгі бұрылысты ашамыз деп уәде бергенбіз. Асфальт төсейтін негіз дайын, бірақ енді күн жылынып, жер құрғағанын күту керек болып тұр. Асфальт төсейтін кезде ауа температурасы +10 градустан төмен болмауы тиіс. Ал бүгін түнде +3 болды, бір жағынан дымқыл,- дейді "Көквест" ЖШС мердігер мекемесінің директоры Виктор Проскурин.
Облыс әкімі "Бәрін технологияға сай жасаңыз, ең бастысы - сапа",- деп атап өтті.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі