Облыс әкімі Мұғалжар және Шалқар аудандарында болды

Облыс әкімі Мұғалжар және Шалқар аудандарында болды

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 19 мамыр, бейсенбі күні
Мұғалжар және Шалқар аудандарында жұмыс бабымен болып, бірқатар
әлеуметтік нысандарға барды, аудандардың дамуымен танысып,
тұрғындармен кездесті.
Мұғалжар ауданына сапар Қандыағаштағы №2 мектептің күрделі жөндеу
жұмыстарынан басталды. Қырық жылдай бұрын салынған ғимаратты жаңарту
жұмыстары биыл тамыз айында аяқталады. Бүгінде мұнда 1600-ден аса бала
оқиды. Аудан орталығындағы Жастық шағын ауданында қаңырап тұрған бес
қабатты үйдің күрделі жөндеу жұмыстары да белсенді түрде жалғасуда.
Жұмыстар аяқталған соң баспана кезегінде тұрған сексен отбасыға
берілетін болады.
Мәртөктегі бұғының мүйізімен емдейдін "Зәру" шипажайының Қандыағаштағы
бөлімшесі небәрі екі ай бұрын ашылған, бірақ мекеме басшысы Бану
Төлегенованың айтуынша, үлкен сұранысқа ие екен. Облыс әкімі
стационардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен тілдесті.
Мүғалжарда өңір басшысы аудан халқымен жүздесті. Тұрғындарды бәрінен
бұрын елді мекендерді газдандыру келешегі қызықтырды.
"Газдандыру, сапалы ауыз сумен, жолмен қамту сұрақтарына біз мемлекет
басшысының тапсырмасына сәйкес, ерекше назар аударып келеміз. Мұғалжар
ауылында ұзындығы 56 шақырым болатын тартатын және ауылішілік газ
құбырларын салу басталды. Жұмыс жарын бітеді деп жоспарланып отыр. Ал
биыл аталмыш ауданның Қаракөл және Жарық ауылдарына көгілдір отын
кіреді. Осы бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аумағында жүріп
жатыр",- деді Оңдасын Оразалин.
Күннің екінші жартысында өңір басшысы Шалқар ауданына келіп, Қауылжыр
ауылының халқымен кездесті, бірқатар әлеуметтік нысандарға барды,
инфрақұрылымды дамыту жобаларының жүзеге асырылуымен танысты. Атап
айтқанда, облыс әкімі «Баубек» шаруа қожалығында болып, Қауылжыр
ауылына кіретін жолдың күрделі жөндеу жұмыстары мен (Шалқар-Бозой
тасжолына дейінгі) Оңтүстік айналма автокөлік жолының орташа жөндеу
жұмыстарының барысын қарап шықты. Жұмыстар осы жылы шілде айында
аяқталуы тиіс.
Шалқар қаласында Оңдасын Оразалин күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №2
мектеп-гимназиясында болып, 320 орындық жаңа мектептің құрылысын қарап
шықты. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 70 пайыз біткен.
Сондай-ақ, өңір басшысы Шалқар көлінің түбін тазарту жобасының жүзеге
асырылу барысымен танысты. Бұл жұртшылықпен жүздесуде басты тақырып
болды. Маңызды жоба жүзеге асса көлдің орташа тереңдігі 2,11 метрден
3,23 метрге дейін ұлғаяды деп күтіліп отыр.
Жалпы, Шалқар көлі өсімдіктер мен жылдар бойы жиналып қалған
органикалық заттардан тазартылса сапасы артып, судың гидрохимиялық
құрамының жақсаруына, көлдің пайдасын тигізуіне мүмкіндік болады.
Бүгінде жер қазу жұмыстары 45 пайыз орындалған.
Облыс әкімі осы жоба жүзеге асырылса Арал маңындағы ауданның
экологиясына оң әсерін тигізіп, Шалқар қаласы халқының
шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықталу жағдайы жақсаратынын атап өтті.
Өңір басшысы жұмыс барысын үнемі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі