25 қаңтар күні Ақтөбеде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Күн тәртібі 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасымен ұсынылатын бизнес-ортадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды талқылауға арналды.
"Аталмыш тұжырымдаманы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық жоспарының 88 тармағын орындау үшін әзірлеген. Кездесуге кәсіпкерлер, "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері шақырылды. Өйткені тұжырымдама бизнес қоғамдастыққа тікелей қатысты",- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Естеріңізге сала кетесек, бұл тұжырымдаманы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпы ұлттық жоспардың 88-тармағын орындау мақсатында әзірлеген болатын.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Асхат Жақыпбеков жұртшылыққа Тұжырымда талаптарын түсіндірді.
«Біз сыбайлас жемқорлыққа тікелей немесе жанама түрде байланысты бүгінгі күні жинақталған барлық проблемаларды талдаған болатынбыз: олар бюджеттік процестер мен сатып алулардың ашық болмауы, экономикадағы мемлекет қатысуының жоғары деңгейі, әкімшілік кедергілер, дискрециялық нормалар. Оларды шешу үшін Тұжырымдамада міндеттердің 6 блогы көзделген. Сондай – ақ тұжырымдама аясында біз парасатты бизнес жүргізуге жәрдемдесуге ниеттеніп отырмыз», - деп өз сөзін бастады баяндамашы.
Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдау аясында жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру жолы арқылы адал бизнесті ынталандыру мәселесі өзекті болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты ерікті түрде енгізу бұл бағыттағы пәрменді шара болып табылады. Бұған жауап ретінде мемлекет тарапынан жеңілдіктер, преференциялар, сатып алу кезінде шартты басымдылықтар және басқа да қолдау шаралары көзделетін болады.
«Бұл шаралар ең алдымен кәсіпкерлерді адал болуға, контрагенттермен, мемлекетпен және клиенттермен адал іс жүргізуге ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде бизнес жоғары беделге ие болып, сәйкесінше пайда табады, азаматтар - сапалы өнімге, мемлекет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа ие болады", - деп атап өтті облыстық Антикорр басшысының бірінші орынбасары.
Өткен жылдан бастап квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің функцияларын орындайтын құрылымдық бөлімшелерді айқындау жөнінде заңнамалық норма қабылданып, бүгін жұмыс жасауда. Аталған қызметтердің негізгі міндеті – жалпы ұйым мен қызметкерлер арасында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Ал жеке бизнес үшін бұндай қызметті құру ұсынымдық сипатқа ие.
Аталған нормаларды тиімді іске асыру мақсатында Тұжырымдама жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің құзыретін кеңейту және жоғары оқу орындарында тиісті білім беру бағдарламаларын енгізе отырып, комплаенс-мамандар нарығын дамыту ұсынылуда. Сонымен бірге, ЭЫДҰ ұсынымдары бойынша құжатта кәсіпкерлік субъектілері туралы жан-жақты мәліметтерді, оның ішінде олардың парасаттылығы мен сенімділігі тұрғысынан шоғырландыруға мүмкіндік беретін бизнес субъектілері бойынша ашық интеграцияланған дерекқорды – бизнес-тізілімді кеңінен енгізу көзделген. Кәсіпкерлердің осындай дерекқорды пайдалана отырып, әлеуетті контрагенттерді бағалауы, тиісті сақтық қағидатын сақтауы - адал кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғайтын болады.
Бұл бағытта Агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп бизнес-тізілімді қалыптастыру мәселелерін қозғайтын бірлескен шешімдерді әзірлеу бөлігінде уағдаластыққа қол жеткізіп отыр. Ұсынылып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизмдерді енгізу - ұсынымдық сипатта және бизнесті жүргізудің белгіленген стандарттары мен қағидаттарына қайшы келмеуі ең басты назарда.
Тұжырымдамаға сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсынымдарға сәйкестігі - экономикалық және беделдік ынталандырулар арқылы оларды көтермелеу шараларын қолдану үшін негіз болады. Тұтастай алғанда, дайындалған құжатты сапалы жүзеге асыру тек қана бизнес саласында ғана емес, жалпы қоғамда сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал ететін болады.
Кездесуге қатысқан бизнес қоғамдастықтың өкілдері жалпы тұжырымдама жобасының негізгі бағыттарын қолдау білдіріп, жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар бөлігінде өз ұсыныстарын енгізді.
"Бұл кездесуді шыққан жері деп есептейік. Түсіндіру жұмыстары өңірде жалғасу керек. Ірі кәсіпкерлік субъектілерін де, шағын және орта бизнесті де, аграрлық сектормен айналысатын кәсіпкерлерді де қамту қажет. Бұл ашық әрі айқын өтуі тиіс өте маңызды жұмыс. Өйткені осы тұжырымдаманың негізінде нормативті актілерге өзгеріс енгізіледі.
Тұтастай алғанда тұжырымдама алдағы жылдарда бизнесті дамытуға деген көзқарасымызды қалыптастырады",- деді жиынды түйіндеген облыс әкімі.