Облыс әкімдігінде өңірді дамытудың кешенді жоспарының өзектілендірілген жобасы қаралды

Облыс әкімдігінде өңірді дамытудың кешенді жоспарының өзектілендірілген жобасы қаралды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Ақтөбе облысын дамытудың кешенді жоспарын өзектілендіру мен «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға қатысты жиын өтті.
Кешенді жоспардың өзектіленген жобасы инфрақұрылымдық және индустриалды даму, агроөнеркәсіп кешенін, шағын және орта кәсіпкерлікті, әлеуметтік саланы дамыту, сонымен қатар, экологиялық жағдайды жақсарту сияқты алты негізгі бағыттан тұрады. Жоспар жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын 92 шарадан тұрады.
«Соның ішінде 145,8 млрд теңге көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады»,- деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров.
Облыс әкімі проблемалық жерлерге, соның ішінде «Қандыағаш-Шалқар» автокөлік жолына көңіл бөлуді тапсырды.
Оңдасын Оразалин: «Бүгін Ұлттық экономика министрлігі де елдің батыс өңірлерін әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың кешенді жоспарының жобасын таныстырған болатын, соның ішінде Ақтөбе облысы да бар. Біздің міндетіміз – осы жоспарларда көзделген шараларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша оң әсер етіп, тұрақты жұмыс орындарын барынша көптеп аша отыра жүзеге асыру»,- деп атап өтті.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы ауылдық елді мекендерге оң әсерін тигізеді. Жоба аясында 2021 жылы 50 мың тұрғыны бар 33 басым ауылда 6,1 млрд теңгенің 69 жобасын жүзеге асыру жоспарланған болатын. Жыл қорытындысы бойынша алпыс жоба аяқталды, тоғызы – ауыспалы. Атап айтқанда, бес дәрігерлік амбулатория, алты спорт кешені мен мектепке жапсарласқан екі құрылыс салынып, жеті ауыл мектебі мен бес ауылдық клуб күрделі жөнделді, 13 шақырымдық су құбыры желілері салынды, ауыл ішіндегі 30 шақырым жол жөнделді, 17 шақырымдық электр беру желісі қалпына келтірілді және т.б.
«Ауыл – ел бесігі» аясында биыл 26 ауылдық елді мекенде 6,8 млрд теңгеге 54 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджетті нақтылау кезінде Ақтөбе облысына «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша қосымша 1,9 млрд теңге бөлу жоспарда бар. Бұл қаражатқа ауылдарға үш дәрігерлік амбулатория мен екі спорттық нысан салып беру, алты ауылдың жолдарын салып, жөндеу, әлеуметтік нысандарды жөндеу және т.б. жоспарлануда.
«Арнайы жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда. Аудан әкімдері жобалардың уақытында әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етулері қажет»,- деп тапсырды Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі