11 қаңтар күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің қазіргі жағдайына байланысты жиналыс өткізді.
Жиын барысында облыс бойынша жағдайдың тұрақты екені, бірақ коронавирус дертінің өсімі байқалатыны айтылды. Соңғы тәулікте елуге жуық жағдай тіркелген.
Соған байланысты дәрі қорын, жеке қорғаныс және дезинфекциялау
құралдарын, сонымен қатар, халықты вакцинациялау және ревакцинациялау қарқынын арттыру жағын бақылау тапсырылды.
"Жалпы, өңірде дәрілік заттардың екі айлық қоры бар, алайда жеке дәріханаларда бар-жоғын бақылау қажет",- деді Оңдасын Оразалин.
Қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік органдар, тіршілікті қамтамасыз ететін және әлеуметтік нысандар штаттық тәртіпте жұмыс жасап жатыр.
Оңдасын Оразалин: "Негізгі азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. Өңірде өзгенің мүлкіне қол сұғу дерегіне жол бермей, бизнес субъектілеріне зиян келтірмес үшін үлкен жұмыс жасалды. Енді кәсіпкерлер өздерінің жауапкершіліктерін сезініп, бағаны негізсіз көтермегендері дұрыс. Бұны мемлекеттік органдар қатаң бақылайтын болады",- деп атап өтті.
Облыс әкімі халық арасында коменданттық сағат талаптарын сақтау бойынша ақпараттық жұмысты күшейтуді, блок бекеттерінің әрі қарайғы тиімді жұмыс жасауын, сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын, көлік жолдары мен жаяужолдарды қар мен қызылсу мұзынан тазартатын коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі