12 қаңтар күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өңірдің ағымдағы жағдайы бойынша жиын өтті.
Қазіргі таңда облыстағы жағдай – тұрақты әрі бақылауда тұр.
«Өткен түні полиция бөлімдеріне коменданттық сағатты бұзғандары үшін сексенге жуық адам жеткізілді. Облыс аумағында он блок бекет қойылды, олардың кейбірін аудандарда күшейту керек. Тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен оған қатысқандардың жеке бастарын анықтау жұмыстары жалғасуда»,- деп баяндады облыс коменданты Қанат Әлиев.
Облыс әкімі барлық кінәлілерді анықтап, оларды заңға сай қатаң жауапкершілікке тарту маңызды екенін атап өтті.
«Бейбіт шеруге қатысу – бір бөлек, ал автокөлік пен теміржол жолдарын бөгеу, әуежай мен әкімшілік ғимаратын басып алу – бір бөлек. Осының бәрі лаңкестікке жатады. Кінәлілер тиісті жазаларын алу қажет. Істегендері үшін жазаланбаса жаңа заңбұзушылықтарға әкелуі мүмкін. Жалпы, құқықбұзушылық деректерінің жолын кесу жұмыстарын жандандыру керек, соның ішінде коменданттық сағаттың бұзылмауын бақылауды күшейткен жөн, әсіресе облыс аудандарында. Аудан әкімдері сол үшін жеке бастарымен жауап береді»,- деді Оңдасын Оразалин.
Жиын барысында облыс әкімі өңірдің қалыпты өмір сүруін одан әрі қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тапсырмалар берді.
Соның ішінде, облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен облыстың өзге де елді мекендерін көктайғақтан тазарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Ақтөбеліктердің соңғы күндері Ахуалдық орталыққа жиі жүгінетін мәселесі - осы. Коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтіңіз», – деді өңір басшысы.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі