22 желтоқсан, сәрсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі құрылысы ендігі аяқталуға жақын әлеуметтік нысандарға барды.
Осы жылдың соңына дейін Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жанынан салынып жатқан жалпы аумағы 2 мың м2 болатын құрылыс пайдалануға берілетін болады.
Сол нысан салынғаннан кейін 100 жылдық тарихы бар колледждің бірқатар проблемалары шешіледі.
«Бізде акт залы мен спорт залы, асхана мен киім ілетін бөлме болған жоқ. Енді осы төрт сұрақ шешімін тапты. Бұл ғимаратқа үлкен спорт залын, акт залы мен 500 орындық киім ілетін бөлмені, 150 орындық асхананы орналастырамыз. Студенттерге едәуір қолайлырақ болады. Мұнда барлығы 1312 бала оқып жатыр»,- дейді колледж директоры Ералы Нұрғалиев.
Өңір басшысы сондай-ақ, Батыс-2 шағын ауданында «UNIVER»-дің мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынған жаңа емханасының ғимаратын қарап шықты.
Медициналық мекеме тәулігіне 350 емделушінің келуіне арналған.
«Мұнда барлығы 250 адам жұмыс жасайтын болса, оның сексендейі – дәрігерлер, 159 жұмысшы – орта және кіші медицина қызметкері. Қаңтар айында ашамыз деп жоспарлап отырмыз»,- деді бас дәрігер Жексенбі Көптілеуов.
Емделушілерге емханада педиатрия, терапия, кардиология, эндокринология, неврология мамандықтары бойынша амбулаториялық-емханалық, кеңес беру-диагностикалық, күндізгі стационарлық, стоматологиялық және т.б. көмектер беріледі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі