Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс 17% азайды

Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс 17% азайды

Құқықбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысында қылмысты ескерту сұрақтары қаралды Отырыс облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өтіп, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Атап айтқанда, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу сұрақтары қаралды. Полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Әлиевтің сөзінше облыс халқының 19,7%-ы - жастар. Жалпы, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша осы тұлғалар арасындағы қылмыстың азайғаны байқалады. Мәселен, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14-18 жас аралығындағы жастар арасындағы құқықбұзушылық саны 17% азайған.
Сонымен қатар, отырыс кезінде теміржол нысандарындағы құқықбұзушылықтарды ескертуге, қаржы пирамидаларына қарсы күреске, жергілікті атқарушы органдардағы коррупциялық тәуекелдерді сыртқы талдаудың нәтижелері мен оларды жою шараларына, мемлекеттік кірістер органдарындағы антикоррупциялық жұмыстарға байланысты сұрақтар қаралды.
Отырыс соңында облыс әкімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және өңірдегі қылмысты барынша төмендетуге байланысты барлық қажет шараларды қабылдауды тапсырды. Соның ішінде жасөспірімдер арасындағы қараусыздықтың алдын алу және жастарды жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі